Кеше ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өткен болатын. Күн тәртібінде газ саласын дамыту және цифрландыру, ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен мәдени мұраны сақтау және насихаттау мәселелері қаралды. Оған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысқан, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.

Үкімет отырысынан соң артынша Н.Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте газдандыру жобаларына, мәдени мұраларды сақтауға қатысты тапсырмалар жүктелді.

«Газдандыру жобаларын сапалы әрі мерзімінде аяқтауды қамтамасыз етіңіздер. «ҚазақГаз Аймақ» мекемесінің қолданыстағы инвестициялық бағдарламасының мерзімі аяқталады. Алдағы бесжылдыққа жаңа инвестициялық бағдарлама дайындалуы тиіс. Ескерткіштер аумағына ақпараттық тақтайшалар, жол белгілерін орнатып, ауласына санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты ұйымдастыру керек. «Руханият орталықтарындағы» аудан тарихы музейлерінің экспозицияларын ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне енген тарихи жәдігерлермен толықтырыңыздар. Президент пен Үкімет тарапынан экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғауға баса мән берілуде. Өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару саласында 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Өнеркәсіпті дамыту қоры сараптамасының екінші кезеңінен барлық жобаның өтуін қамтамасыз етіңіздер. Мамыр айында елімізде маңызды қоғамдық-саяси шаралар өтеді. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні, бұдан бөлек, биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Мерекелерді негізгі идеологиялық бағыттар аясында жоғары деңгейде атап өтуіміз қажет. Президент Әкімшілігі бекіткен тұжырымдамаға, көрсетілген ұстанымдарға сәйкес жұмыс жүргізілуі тиіс», деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.

Айта кету керек, аймақта елді мекендерді газдандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Өңірдегі қалалар мен аудан орталықтары түгелдей, оған қоса 45 ауыл табиғи газға қосылған. Өткен жылы газдандыру жобаларына 30 млрд, 500 млн теңге бөлініп, 11 елді мекеннің 40 мыңға жуық тұрғыны газ тұтынуға көшті. Жыл басынан бері тағы 5 елді мекен газдандырылып, өңір халқын газбен қамту деңгейі 80,8 пайызға жетті.

Биыл газдандыру жобаларына 6 млрд, 100 млн теңге қаржы бөлінген. Ал меже — 82 пайызға артады деп жоспарланған.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *