Түркістан облысында 28 полицей жаза арқалады
Олардың арасында басшылық өкілдері де бар, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, Түлкібас аудандық полиция бөлімінің және полиция департаментінің 28 қызметкері қатаң сөгіс алып, атқарып отырған лауазымына сәйкес еместігі анықталған. Тіпті кейбірі қызметінен босатылған. Олардың арасында басшылық өкілдері де бар.
Аталған жағдайға қатысты пікір білдірген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ҚР ІІМ мен Түркістан облысы полиция департаментінің басшылығының нұсқауын орындау аясында тексеру жүргізілгендігін мәлімдеді.
«Қорытындысы бойынша түрлі қызметтік тәртіпті бұзғаны және жұмыстағы кемшіліктері үшін бірқатар қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жалпы полиция департаменті заң бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ жеке құрам арасында қызметтік тәртіп пен заңдылықты нығайту мақсатында тиісті шараларды үздіксіз атқарып келеді», делінген ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысының Келес ауданында білім бөлімінің бюджетін талан-таражға салғандарға қатысты сот үкімі шыққанын жазған болатынбыз.