Бүгін Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен оған салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп жазады Egemen.kz.

Қосылған құн салығы реформасы бойынша бiрқатар шешiм қабылданды. Мәселен бастапқыда Үкімет ұсынған 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетіліп, қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемелері 2026 жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, сондай-ақ баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін ҚҚС төлеуден босату жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында қосымша есепке жатқызуға қосылған құн салығы сомасы 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды.

«Оңайлатылған декларацияны реформалау аясында рұқсат етуші тізімінің орнына тыйым салынатын тізімі енгізілді. Мәслихаттардың өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып ±50%-ға дейін түзету мүмкіндігімен 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленді. Кәсіпкерлік субъектілері арасындағы операцияларға арнаулы салық режимін қолдану кеңейтілді», делінген Мәжіліс хабарламасында.

Ойын бизнесі мен банктер үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 25 пайызға дейін көбейтілді. Ал банктер үшін кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуден түсетін кірістер бойынша мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде қалып отыр.

Ал жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі:

– жалақы бойынша: 8500 АЕК-ке дейінгі табысқа – 10% (жылына 33,5 млн. теңгеге дейін), одан жоғары болса – 15%;
– дивидендтер түріндегі кірістер үшін: 230 000 АЕК дейін – 5% (1 млрд. теңгеге жуық) және одан жоғары болса – 15%;
– резидент емес жеке тұлғалардың кірістері үшін: 600 000 АЕК дейін – 10%, одан жоғары болса – 17%.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *