Елімізде VIII «Ulttyq ónim» көрмесі өтуде.
16–18 мамыр аралығында Астанадағы Халықаралық EXPO көрме орталығында отандық өндірушілердің VIII «Ulttyq ónim» көрмесі өтуде, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Сегізінші рет өтіп отырған көрмеге Қазақстанның 350 өндірушісі азық-түлік өнімдерінен бастап, жеңіл және химиялық өнеркәсіп, машина жасау, медициналық жабдықтар, зергерлік бұйымдар және басқа да ірі өндіріс тауарларын ұсынуда. Бұл кәсіпорындардың барлығы өз уақытында «Даму» қорының қаржылық және басқа да қолдау шараларын алған.
«Ulttyq ónim сегізінші көрмесі – отандық кәсіпкерлікті дамытудың ең жақсы дәлелі мен көрінісі. Өндірушілер еліміздің ішкі нарығындағы ұстанымын нығайтып, экспортқа шығуда. Шетелде танымал брендке айналып жатыр. Ал шағын және орта бизнесті мемлекеттің қолдауы тек күшейе бермек. Биыл экономиканың нақты секторын жедел дамытуға бет бұрдық. Мемлекет ақпараттық технология, логистика, туризмге, тамақ өнімін, құрылыс материалын өндіруге, машина жасау, жеңіл және химия өнеркәсібі сияқты басым салалардағы ШОБ инвестициялық жобаларына ашық тапсырыс жариялады. Бұл бағытта жан-жақты қолдау көрсетіледі» деп атап өтті көрменің ашылуында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Көрмеде ас үй плиталары, желдеткіш, медициналық жабдықтар, трансформаторлар, құрама жем, чемодандар, тоқыма бұйымдары, құрылыс материалдары, антисептиктер, киім, аяқ киім және басқа да сұранысқа ие тауарлар ұсынылған. Соның бірі зарарсыздандыру және жуу құралын өндіруші «Аврора» өндірістік кешені» ЖШС нарықта 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда косметикалық өнімнің 40, тұрмыстық химияның 55, зарарсыздандыру құралының 80-нен астам түрі бар.
«Біз өнім өндіруде тиімділікке, қауіпсіздік пен тауардың тым қымбат болмауына баса назар аударамыз. Бізден ыдыс жууға арналған сабын, сұйық сабын, әйнек жууға, ас үйге, кір жууға арналған тұрмыстық химияны сатып ала аласыз. Жаңа өнімдердің арасында үй мен кеңсеге арналған хош иісті диффузорлар бар. Booboo брендімен балаларға арналған өнімдердің сан алуан түрін шығарудамыз. Өнімдеріміз Қазақстандағы сауда желілерінде, маркетплейстерде және таяу шет елдерде кеңінен ұсынылған» дейді «Аврора» өндірістік кешені» ЖШС өңірлік директоры Ермек Еркінов.