Қызылордада мәдениет саласының қызметкерлері марапатталды
Кеше Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Өнер орталығында» Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай мерекелік шара өтті. Оған сала қызметкерлері мен ардагерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.Аймақ басшысы жиналған қауымды кәсіби мерекемен құттықтап, сала жетістіктеріне тоқталды, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
«Баршаңызды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтауға, халқымыздың руханиятын байытуға зор үлес қосқан мәдениет және өнер майталмандарының еңбегі қашанда елеулі. Мемлекет басшымыз бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы болған Сыр өңірін алтын бесікке теңеп, айрықша бағасын берген еді. Өздеріңізге белгілі, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда келесі 5-ші отырысты Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиында қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты.
Биыл – еліміз, өңіріміз үшін тарихи мерейтойлар жылы! Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының құрылғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының 70 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Бұл мерейлі даталардың ел тарихында алар орны мен маңызы зор. Мәдениетіміздің мәртебесі әрдайым жоғары болсын! Киелі «Сыр елі – жыр елінің» рухани қазынасы толыға бергей!», деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты шарада үздік жетістіктері және айрықша еңбегі үшін сала қызметкерлері марапат төрінен көрінді.
Қызылорда облыстық филармониясының әншісі, Мәдениет қайраткері, 40 жылға жуық уақыттан бері қазақ өнерін алыс-жақын шетелдерге танытқан Медеуова Үміткүл Еменқызы «Құрмет» орденімен, Сыр өңірінің рухани-мәдени дамуына үлес қосқан жыршы-жырау Тәңірбергенов Айбек Жақсанұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды.
Фото: Қызылорда облысы әкімдігі