Пәтер, ноутбук, iPhone: ҰБТ-дан 140 балл жинаған түркістандық түлекке қандай сыйлықтар берілді
Жәнібек Әбілханға қосымша білім беру орталығының басшылығы пәтердің сертификатын табыс етті.
Бұған дейін аталған білім беру орталығы әлеуметтік желілерде 140 балл жинаған түлекке сый ретінде пәтер берілетіндігін мәлімдеген болатын. Ал, сол орталықта білім алған Жәнібек Әбілхан ҰБТ-дан 140 ұпай алды. Орталық басшылығы да уәдесінде тұрды. Бүгін пәтердің сертификаты салтанатты түрде Жәнібек пен оның анасына табысталды.
— Тұрғын үйді рәсімдеу Жәнібек оқуға түсетін қалаға байланысты жүзеге асады. Егер ол Астананы таңдаса, пәтер елордадан беріледі, ал Алматыны таңдаса — пәтер сол жақтан беріледі, — деп атап өтті білім беру орталығының өкілдері.
Сонымен қатар, ҰБТ-дағы жоғары нәтижесі үшін Жәнібек білім саласы өкілдерінен бағалы сыйлықтар алды. Мектеп директоры түлекке iPhone смартфонын, аудандық білім бөлімінің басшысы ноутбук, ал аудан әкімі теледидар сыйға тартты.
Айта кетейік, Жәнібек ҰБТ-ны «Математика — Информатика» пәндер комбинациясы бойынша тапсырған. Ол ауылдық мектеп-гимназияны аяқтап, Алматыда ақпараттық технологиялар саласы бойынша білімін жалғастыруды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ордабасы ауданының тұрғыны, Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназия түлегі Әбілхан Жәнібек Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары нәтиже — 140 ұпай жинағанын жазған болатынбыз.
Фото: ашық дереккөздерден