Қызылорда облысы, Арал ауданында тұратын Сержан Каримолдаевтың кәсіппен айналысып жүргеніне 5 жылдан асты. Кәсібін балықты алып-сатумен бастаған ол бүгінде өңдеуге басымдық беруде, деп хабарлайды FASTNEWS.

«Негізгі мамандығым — заңгер. Ұзақ жыл құқық қорғау органында қызмет еттім. Саладан зейнетке шыққаннан кейін кәсіппен айналысуды жөн көрдім. Аралдың балығына сұраныс жоғары екенін ескере келе балық сатумен айналыстым», дейді Сержан Каримолдаев.

Кәсіпкердің ісі алға басып, сұраныс арта бастайды. Ол саланың қыр-сырын меңгере жүріп, нарыққа балықты өңдеп ұсынудың тиімдірек екенін аңғарады.

«Былтыр кәсіпті кеңейтіп, балық өңдеуге қажет құрал-жабдық алу үшін қаржы іздей бастадым. «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы азық-түлік өндірісіне арналған жобаларды қаржыландырып жатқанын естіп, талаптарымен таныстым, өтініш бердім. Нәтижесінде жеңілдікпен 60 млн теңге несие алдым», дейді аралдық кәсіпкер.

Аталған қаржы кәсіпкерге жаңа мүмкіндіктер ашты. Бұл қаржыға балықты тазалайтын, турайтын, тұздайтын және вакуумдайтын, сондай-ақ консервілейтін аппараттар, түрлі тоңазытқыштар алған.

«Мемлекеттің осылай қаржылай қолдауы жаңа деңгейге шығуға мүмкіндік беріп отыр. Бұрын тек тұздалған балық шығарып келген болсақ, енді жаңа құрал-жабдықтардың арқасында тұтынушыларға тартылған балық өнімдерін, тұздалған уылдырық пен ысталған балық шығарып жатырмыз. Сонымен бірге бұл өнімдерді өзіміз вакуумдеп ұсыну мүмкіндігіне ие болдық. Ендігі меже — консервіленген балық шығару. Бұйырса, жақын күндері нарыққа шығарамыз», дейді Сержан Каримолдаев.

Кәсіпкердің бүгінде 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта 30-ға жеткізуді көздеуде. Айына 20 тоннаға дейін өнім өндіреді. Балық өнімдерінің басым бөлігі Ресейге экспортталады екен.

«Қытайдан да сұраныс түсіп жатыр. Ол үшін шығаратын өнімді тапсырыс берушілердің талабына сай ету қажет. Қазір осы бағытта тиісті шараларды қабылдаудамыз», дейді кәсіпкер.

Фото Сержан Каримолдаевтан

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *