Астана француз мектебі салынады
Астана қаласында Қазақстан мен Франция арасындағы білім беруде жаңа бірлескен жоба – Халықаралық француз мектебінің құрылысы салтанатты түрде басталды. Құрылыс ғимараты Freedom Holding Corp. Қаржылай қолдауымен жүзеге асырылады. Жоба серіктесі – Bilim Media Group, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Халықаралық француз мектебі жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Республикасының Президенті Эммануэль Макрон арасында жасалған келісімдер аясында іске асырылуда. Интернаттық үлгіде жұмыс істейтін мектеп француз және қазақстандық білім беру стандарттарына толық сәйкес болмақ.
Салтанатты шараға екі елдің ресми өкілдері – Франция Республикасының сыртқы сауда және шетелдегі француздар жөніндегі уәкілетті министрі Лоран Сен-Мартен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев және Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов қатысты. Іс-шарада болашақ лицейдің жобасы таныстырылып, мектеп кіреберісіне естелік тас белгі қойылды.
«Астанадағы француз мектебі, сондай-ақ жақын арада ашылатын Алматыдағы мектеп – жас қазақстандықтарға француз, қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде білім алуға мүмкіндік береді. Мектеп түлектері француз аттестатымен тікелей Франция мен Еуропаның үздік жоғары оқу орындарына түсе алады» дейді Францияның сыртқы сауда және шетелдегі француздар жөніндегі уәкілетті министрі Лоран Сен-Мартен.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сөзінше, бұл мектепке тек Астана қаласының оқушылары ғана емес, өзге өңірлерден де шәкірттер қабылданады.
«Астана және Алматы қаласындағы француз мектебінің ашылуы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының 2022 жылы Парижге барған сапарында бастау алғаны белгілі. Осы жобаны іске асыру мақсатында тиісті жұмыс басталып кеткенін көріп отырсыздар. Елордадағы француз мектебінің алғашқы кірпішін қалау рәсімі – білім саласындағы тарихи сәт. Ол жай ғана мектеп құрылысы ғана емес, Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түскенін білдіреді» деп Астанаға арнайы келген Франция елінің делегациясына алғыс білдірді.
Сонымен қатар Ғани Бейсембаев жобаға қолдау білдірген Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турловқа, Астана қаласы әкімдігіне, Қазақстан мен Франция елшіліктеріне министрлік атынан рақметін жеткізді.
Айта кетейік, Орталық Азияның халықаралық деңгейдегі жетекші білім ордаларының бірі болатын мектеп 2026 жылы 1 қыркүйекте ашылмақ.
Ержан ҚОЖАС
Фото Сұлтан СЕЙІТ