«Астана тазалық» балалар арасында байқау өткізді
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Астана Тазалық» ЖШС ауласында әдеттегіден өзгеше көңіл-күй сезілді. Балалардың күлкісі, түрлі түсті қарындаштармен салынған суреттер көрмесі, мақтанышқа толы ата-аналар… Бұл – мекеме қызметкерлерінің балалары арасында ұйымдастырылған сурет байқауының қорытынды шарасының көрінісі.
Байқау мамыр айының басында жарияланған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – балаларды тазалық пен экологиялық мәдениетке баулу.
«Біз әрқашан еңбектің артында отбасы, бала-шаға тұрғанын жақсы түсінеміз. Осы байқау арқылы балаларға назар аударып, олардың шығармашылығын дамытқымыз келді», – дейді кәсіподақ төрайымы Сымбат Какимова.
Байқауға 100-ден астам бала қатысып, 200-ден аса сурет келіп түскен. Әрбір жұмыс – автордың тазалық, қоршаған ортаны қорғау туралы түсінігінен туған шынайы шығарма.
«Менің суретімде Астана тап-таза. Көшеде қоқыс жоқ, бәрі тәртіппен жүр. Тазалық сақшылары өз жұмыстарын атқаруда. Мен болашақта да қаламыздың таза болғанын қалаймын», – дейді бас жүлде иегері, Ғабдуали Алимансур.
Жеңімпаздарға арналған сыйлықтар да лайықты болды. Бас жүлде — iPhone смартфонын иеленсе, басқа да жүлдегерлерге ойын консолі, велосипед және оқу құралдары тарту етілді.
Ата-аналар бұл бастаманы үлкен ризашылықпен қабылдады. Олардың пікірінше, мұндай шаралар балалардың шығармашылық қабілетін ғана емес, әлеуметтік жауапкершілігін де арттырады.
«Ұлым қоқыс жайлы ойланып сурет салып жатқанына алғашында таңғалдым. Енді өзі көшеде бөтелке көрсем, көтеріп қоқыс жәшігіне тастайық дейді», – дейді қатысушының анасы.
Ұйымдастырушылар бұл байқауды дәстүрге айналдыруды көздеп отыр. Себебі тазалық тек ересектердің емес, балалардың да көзқарасынан басталатынына тағы бір мәрте көз жетті.
Балаларға базарлық мұнымен аяқталған жоқ. Бүгін «Астана Тазалық» ЖШС қызметкерлерінің балалары Play Ville ойын-сауық орталығына саяхаттады. 200-ден астам бүлдіршін мерекені тойлап қана қоймай, жаңа достар тапты.