Жұмыс орны ыстық болса, жұмыс беруші айыппұл төлейді
Жапонияда жұмыс орнындағы ыстықтан қызметкерлерді қорғай алмаған жұмыс берушілерге айыппұл салынады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл заң 2024 жылдың жазында аптап ыстық кезінде көптеген жапондықтар зардап шеккеннен кейін қабылданған. Өткен жылы елде ыстыққа байланысты 30-ға жуық адам қаза болып, шамамен 1 200 жұмысшы жарақат алған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны 2015 жылдан бері рекордтық деңгейге жетіп, билік органдарын жұмыс берушілерге қатысты заңнаманы күшейтуге итермеледі.
2025 жылдың 1 маусымынан бастап жұмыс берушілер қызметкерлерді күн өту мен басқа да ыстықтан туындайтын аурулардан қорғау үшін тиімді шаралар қабылдауға міндеттелді. Егер жұмыс орнында жаңа ережелер сақталмаса, 500 мың иенге дейін айыппұл қарастырылған.
Жаңа талаптар мыналарды қамтиды:
- Қызметкерлердің жағдайын бақылауға арналған жүйелерді енгізу;
- Дене қызуын қадағалайтын құрылғыларды пайдалану;
- Медициналық көмекке жедел қол жеткізуді қамтамасыз ету.
Егер ауа температурасы 31°C немесе жылу индексі 28°C-тен асса, компаниялар қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдауы және жұмысшыларға демалыс уақытын ұлғайтуы тиіс.
Shimizu Corp. пен Yamato Transport секілді ірі компаниялар қызметкерлерді қорғау үшін заманауи технологиялар мен жабдықтарды енгізе бастады. Олар қызметкерлерге арналған желдеткіштер орнатылған жилеттер мен киілетін датчиктерді пайдаланады.
Фото: Pexels.com