Оңтүстік Кореяда өткен президенттік сайлау нәтижесінде оппозициялық Демократиялық партияның кандидаты Ли Чжэ Мён жеңіске жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

BBC жазуынша, Ли сайлаушылардың 49 пайыздан астамының дауысын жинаған. Оның басты бәсекелесі билік партиясы саналатын «Халық күші» партиясының үміткері Ким Мун Су болды. Ол шамамен 41% дауыс жинаған. Сонымен қатар сайлауға тағы үш үміткер қатысқанымен, олар айтарлықтай қолдау таппады.

Бұл сайлау мерзімінен бұрын өткізілді. Оған өткен жылдың желтоқсан айында елдің бұрынғы президенті Юн Сок Ёль тарапынан әскери жағдай енгізуге әрекеттенуі себеп болды. Осы оқиғадан кейін оған импичмент жарияланып, ол қызметінен кетуге мәжбүр болған.

Сайлауға қатысу белсенділігі жоғары болды, сайлаушылардың шамамен 80%-ы дауыс берген.

Айта кетейік, қазіргі таңда Ли Чжэ Мёнге қатысты бірнеше қылмыстық іс тергелу үстінде. Алайда Демократиялық партия сот процестерін тоқтату қажет деген пікірде.

Жаңа президент 2022 жылғы сайлауға да қатысқан болатын. Ли өзінің елдің саяси жүйесін және экономикалық құрылымын жаңғырту қажет екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі модель Кореяның ұзақ мерзімді мүдделеріне сәйкес келмейді.

Сайлауалды бағдарламасында Ли қор нарығын дамыту, KOSPI индексін 5000 тармаққа дейін көтеру, сондай-ақ миноритарлық инвесторлардың құқықтарын қорғау жөнінде міндеттемелер алды.

Сыртқы саясат тұрғысынан ол АҚШ және Жапониямен әріптестікті нығайтуды көздейді. Сонымен бірге, Солтүстік Кореямен қарым-қатынасты жақсарту мақсатында екі ел арасында сенім телефонын қайта қосу жоспарын ұсынды.

Фото: AP Photo/Lee Jin-man

 

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *