2024 жылдың  қазан айында  Ақтөбе қаласының тұрғыны, азамат М. тұтынушы ретінде өзінің құқықтарының бұзылғанына тап болды. Қаланың түнгі барларының біріне барған кезде, ол себепсіз түрде мекемеге кіргізілмеді. Бар қызметкерлері тұтынушыны ішке кіргізуден бас тартып, мұндай әрекеттерінің себебін түсіндірмеді. Бұл жағдай азаматтың өзіне деген құрметінің тапталуына, қорлану сезіміне және психологиялық жайсыздыққа әкелді.

Құқықтарының бұзылғанын сезінген тұтынушы, ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Ақтөбе облысы бойынша Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне шағым түсірді. Мәселені қарау барысында Департамент бар қызметкерлерінің әрекеттері «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 42-4-бабын бұзатынын анықтады.

Сонымен қатар, заңды тұлғаның әрекеттерінде Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің 190-бабының 5-бөлігінің  3-тармағында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар екені анықталып, мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Алайда тұтынушы бұл іспен шектелмей, моральдық зиян өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Талапкердің айтуынша, қоғамдық тамақтану қызметін негізсіз көрсетуден бас тарту өзге азаматтардың көзінше орын алып, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген. Бар қызметкерлерінің дөрекі және себепсіз әрекеттері тұтынушыны ренжітіп, ашу мен наразылық тудырды.

Сот отырысында жауапкер мен оның өкілі талаптарды мойындамады және жазбаша жауапта көрсетілген дәлелдерді қайталап, талап арызды қанағаттандырмауды сұрады.

Сот ісіне үшінші тарап ретінде Ақтөбе облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті де қатысты. Департамент өкілі мекеме әрекеттері тұтынушының ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 12, 21 және 24-баптарында көзделген құқықтарын бұзғанын растады. Атап айтқанда, заңға сәйкес әрбір тұтынушы өзіне қолайлы уақытта тауар мен қызметті еркін таңдауға құқылы, ал сатушы немесе қызмет көрсетуші бұл құқықты қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар, заң тұтынушы құқықтары бұзылған жағдайда моральдық зиянның өтелу құқығын тікелей бекітеді. Осыған байланысты,   Департамент тұтынушының талабын қолдап, қызмет көрсетуден заңсыз бас тартуды және келтірілген моральдық зиянды мойындау туралы талаптарын негізді және қанағаттандыруға жатады деп есептеді.

Сот іс материалдарын қарап, тараптарды тыңдаған соң талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Жауапкерден тұтынушының пайдасына 250 000 теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысы, сондай-ақ 1 966 теңге мемлекеттік баж төлемі және 100 000 теңге заңгерлік көмек шығындары өндіріп алынды.

Бұл жағдай — күнделікті өмірдегі қарапайым көрінетін оқиғаның өзі тұтынушы құқығын қорғаудың маңыздылығын көрсететін айқын мысал. Ол сондай-ақ тұтынушы құқықтарын бұзу тек әкімшілік емес, азаматтық-құқықтық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін екенін дәлелдейді.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органдар қызмет көрсету саласындағы заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету бағытында жұмысын жалғастыруда.

/сурет ашық дереккөзден алынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *