Қостанайда жастарды қолдауға арналған кеңес отырысы өтті
Қостанай облысында «AMANAT» партиясы филиалы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті. Басқосуда өңірдегі жастардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, соның ішінде «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қызметі мен қала және ауыл мектептері жанындағы аула клубтарының жұмысын үйлестіру мәселелері талқыланды.
Жыл сайын жаз айларында жергілікті атқарушы органдар «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жастарды маусымдық жұмыспен қамтып келеді. Соңғы бес жылда осы жобаның көмегімен 8 522 жас уақытша жұмыспен қамтылған. Биыл бұл мақсатқа облыс бюджетінен 257,3 млн теңге бөлініп, шамамен 1 800 жасты еңбекпен қамту жоспарланып отыр.
– 1 маусымнан бастап 689 жас «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қатарына қабылданды. Олар орта есеппен 106,9 мың теңге жалақы алады. Жоба кезең-кезеңімен қыркүйекке дейін жалғасады. Қатысқысы келетіндер жергілікті жастар ресурстық орталықтарына өтініш бере алады. «Жасыл елге» қабылданатындардың жасы 14 пен 35 жас аралығында, ал кәмелетке толмағандар үшін заңды өкілдері өтініш тапсырады. Бұл бағдарлама – табыс көзі ғана емес, жастардың экологиялық мәдениетін, еңбекке деген құрметін, өзін-өзі дамыту мен әлеуметтенуін қалыптастыруға бағытталған. Биылдан бастап еңбек жасақтары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында түрлі квесттер мен ойындарға қатысып, жазғы күндерін мазмұнды өткізе алады, – деді Қостанай облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Динара Қарымсақова.
Кеңес барысында аула клубтарының қызметі де назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда облыста 108 338 бала қосымша біліммен қамтылған, бұл жалпы бала санының 95,5%-ын құрайды. 72 мыңнан астам бала мектеп жанындағы 3 700 үйірме мен секцияға қатысады. Қосымша білім беру саласында 49 мекеме жұмыс істейді, олардың 46-сы – мемлекеттік, 3-еуі – жекеменшік.
Облыста 37 аула клубы бар: оның 16-сы тұрғын үйлерде, 21-і мектеп базасында орналасқан. Бұл клубтар 8 933 бала мен жасөспірімге қызмет көрсетіп отыр.
– Аула клубтарында сабақтар қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Оларға 6 мен 18 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Клубтар аптаның жұмыс күндері сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Демалыс күндері жабық. Жазғы демалыс кезінде де өз жұмысын тоқтатпайды. Ауылдық елді мекендерде әзірге мұндай клубтар ашылмаған. Клубтардың негізгі мақсаты – балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ оларды бақылаусыз жүруден және түрлі құқықбұзушылықтан қорғау, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова.
Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ,
Қостанай қаласы