Қазақстандағы мобильді аударымдар: тексеруге ілікпеудің жолдары қандай?
2025 жылдың қыркүйек айынан бастап мобильді ақша аударымдарына қатысты мониторинг ережелері күшіне енеді. Енді аударым сомалары, жиілігі мен жіберушілер саны мұқият бақыланатын болады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы Finratings.kz сайты жазды.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жаңа ережелердің қалай және қашан іске қосылатынын түсіндіріп өтті.
Туыстар арасындағы аударымдар – қауіпсіз
Біржановтың айтуынша, егер азамат үш ай ішінде 100 немесе одан да көп түрлі адамнан 1 миллион теңгеден астам ақша алса, бұл салық органдарының назарын аудартуы мүмкін.
Егер ақша тек бір-екі адамнан түссе – бұл мәселе емес. Бірақ үш ай бойы 100-ден аса адам бір шотқа ақша аударатын болса және жалпы сома 1 миллион теңгеден асса, бұл кәсіпкерлік қызметке ұқсап қалуы мүмкін, – деді вице-министр.
Ол сондай-ақ туыстар арасындағы аударымдарға шектеу қойылмайтынын атап өтті.
Егер анасы қызына, інісіне немесе әкесіне ақша аударса – бұл қалыпты жағдай. Мәселе – 100 түрлі адамнан ақша түсіп тұрса ғана туындайды. Сізде ай сайын ақша аударатын жүз туысқан жоқ қой, – деді ол Мәжіліс кулуарында журналистерге.
Жаңа ереже тиісті өзгерістер Салық кодексіне енгізілгеннен кейін 60 күн ішінде күшіне енеді, яғни 2025 жылдың қыркүйек айына қарай жүзеге асады.
Банктер автоматты түрде ақпарат береді
Қазақстандағы банктер мен төлем жүйелері (Kaspi, Halyk, FortePay және т.б.) заң бойынша барлық ақша аударымдары туралы мәліметті Мемлекеттік кірістер комитетіне автоматты түрде жіберіп отырады. Азаматтардан ешқандай растау немесе қосымша әрекет талап етілмейді.
Барлық деректер қаржылық мониторинг шеңберінде талданып, заңсыз кәсіпкерлік немесе салықтан жалтару белгілерін анықтауға бағытталады.
Егер сіз тұрақты түрде әртүрлі адамдардан ақша алып отырсаңыз (мысалы, сабақ беру, жөндеу жұмыстары, маникюр немесе тамақ жеткізу үшін) – бұл кәсіпкерлік ретінде қарастырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда сізден жеке кәсіпкер ретінде тіркелу немесе декларация тапсыру және салық төлеу талап етілуі мүмкін.
Тексеруге ілікпеудің жолдары
Әртүрлі адамдардан жиі ақша алудан сақ болыңыз;
Жеке және кәсіби мақсаттағы аударымдарды бөліп отырыңыз;
Егер тұрақты түрде қызмет көрсетсеңіз – жеке кәсіпкер ретінде тіркеліңіз;
Шотыңыздағы қаржы қозғалысын бақылап, салық кеңесшісіне жүгініңіз.
Біржановтың айтуынша, бұл шаралар әрбір адамды бақылау үшін емес, көлеңкелі экономиканы азайту және адал салық төлеушілерді қорғау үшін енгізілуде. Егер сіз жасырын бизнеспен айналыспасаңыз және көпшілік аударымдар алмайтын болсаңыз – алаңдауға негіз жоқ.
Фото: Арман Мұхатов