Қызылорда: Қазалы ауданы 100 пайыз ауызсумен қамтылады
Аталған жаңалық Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өткен мәжілісте белгілі болды. Жиында ауданды сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, суды үнемдейтін және цифрлық технологияларды енгізу мәселесі қаралған болатын, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Мәжілісте аудан басшысы Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған 2025 жылдың соңына дейін халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтуды тапсырмасына сәйкес, тиісті сала басшыларына аудан халқын ауыз сумен қамту бойынша жүргізіліп жатқан жобаларды жыл соңына дейін аяқтау жөнінде тапсырма берді.
Бүгінгі таңда Қазалы ауданында елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 1,2 млрд. теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылуда. Аталмыш жобадағы Шәкен, Сарбұлақ, Шилі және Шитүбек елді мекендері орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылғаннан кейін аудан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылмақ. Бүгінде елді мекендердегі құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Жиында аудан әкімі жауапты сала басшыларына тұрғындарды ауыз сумен қамту, сапалы қызмет көрсетуде ешқандай мәселе болмауы керектігін және барлық нысандарға мониторинг жасауды айтып, аудан бойынша тозығы жеткен су нысандарына, мұнараларға жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сонымен қатар, соңғы уақыттары тұтынушылар тарапынан ауыз судың сапасына да наразылықтарын жиі туындап жүргенін айтып, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасының басшысына ауыз судың сапасын, тазалығын күнделікті бақылауға алуды жүктеді.
Фото: Қазалы ауданы әкімдігі