Қызылорда: Журналистер арасында футбол турнирі өтті
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында Қармақшы ауданы әкімінің жүлдесіне арналған шағын футболдан облыстық турнир өз мәресіне жетті.
Аталған турнир — Сыр өңіріндегі БАҚ өкілдерінің кәсіби ынтымақтастығын нығайту, салауатты өмір салтын дәріптеу, сондай-ақ спорт арқылы достық пен әріптестік байланыстарды арттыру мақсатында ұйымдастырылған.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімнің орынбасары Самат Қыдырбекұлы сөз сөйлеп, журналистердігі қоғамдығы рөлін ерекше атап өтті.
Жарысқа «Сыр медиа» ЖШС, «Qyzylorda.tv», «Qogam.tv», «Меншікті тілшілер» және «Достық» командалары қатысып, 50-ден аса бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спорттық бәсекеде өзара бақ сынады.
Турнир қорытындысы бойынша I орынды – «Меншікті тілшілер» командасы, II орынды – «Сыр медиа» ЖШС командасы, III орынды – «Qyzylorda.tv» командасы жеңіп алды. Жүлдегер командаларға арнайы дәрежелік дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, турнир барысында ерекше көзге түскен ойыншыларға «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы»номинациялары бойынша марапаттар тапсырылды.
Айта кетейік, турнир бірнеше кезең бойынша өтіп, жарыс қорытындысымен үздік командалар мен ойыншыларға дәрежелік дипломдар, арнайы номинациялар және қаржылай сыйлық табысталды.
Фото: Қармақшы ауданы әкімдігі