Қазақстанда діни экстремизмнің алдын алу шаралары күшейтілді
Қазақстанда діни экстремизмнің алдын алу шаралары күшейтілді, — деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
2025 жылдың алғашқы алты айында елімізде діни экстремизмнің алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бағытында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ресми деректерге сүйенсек, бұл кезеңде Қазақстан бойынша 40 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, оларға 1,5 миллионнан астам адам қатысқан.
Басты назар — діни экстремизммен күресті онлайн кеңістікте жүргізуге аударылған. Осы бағытта 17 мыңнан астам ақпараттық материал әзірленіп, оның 2 482-сі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде 60 мыңнан астам жазба орналастырылып, кең ауқымды аудиторияны қамтуға мүмкіндік берілді.
Ақпараттық жұмыс зайырлы қоғам құндылықтарын насихаттауға, конфессияаралық келісімді нығайтуға және экстремистік идеологияға қарсы тұра алатын қоғамдық иммунитетті қалыптастыруға бағытталған.
Интернет кеңістігіндегі мониторинг нәтижесінде экстремистік сипаттағы 10 852 материал анықталып, оның 3 126-сы жойылған. Сонымен қатар, 2 мыңнан астам материалға дінтану сараптамасы жүргізіліп, олардың 70%-ы оң қорытынды алған. Ал 20%-ында діни сипат белгілері мүлдем болмағаны анықталды.
Діни қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. 2025 жылдың қаңтарынан бастап әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 490-бабына өзгерістер енгізіліп, «ескерту» институты қолданысқа енді. Айыппұл мөлшері 50%-ға қысқартылса, діни әдебиетті тарату орындарын келісу рәсімі жеңілдетілді.
Сонымен қатар, сенім бостандығы мен діни наным-сенім деңгейін бағалауға арналған Ұлттық индикаторлар бекітілді. Бұл көрсеткіштер конфессияаралық қарым-қатынастардың, мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы өзара байланыстың және интернеттегі діни белсенділіктің жағдайын айқындауға мүмкіндік береді.
Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бұл шаралар қоғамның рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрақты діни орта қалыптастыруға бағытталған.