Қазалылық теміржолшылар құрметке бөленді
Теміржол саласы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей әсер ететін экономиканың негізгі күші. Ел экономикасының «күре тамыры» саналатын бұл саланың стратегиялық маңызы, ел алдындағы еңбегі ұшан-теңіз. Қазалы ауданының теміржол саласының да тарихы тым тереңде жатыр.
Бүгін Қазалы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев аудандағы теміржол саласының қызметкерлерін қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
— Қазалы теміржол тасымалының тарихы 1905 жылы Орынбор-Ташкент темір жол қатынасы құрылысының салынуынан басталды. Қазақтың дархан даласын қиып өтіп, батыс пен шығысты байланыстырып жататын «Орынбор-Ташкент» магистралының да халықтың игілігіне берілгеніне ғасырдан асты. Ел тарихындағы бұл алғашқы темір жолдың аудан үстінен қиып өтетіні қазалылықтар үшін де зор мәртебе. Тыныс-тіршілігіміз үшін маңызды саланы алға жылжытуға білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде Сіздер өзгелерге үлгі-өнеге болып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Мезгілдің ыстығы мен суығына, уақыттың күні мен түніне қарамай, еселі еңбектің көркін қыздырып, ел экономикасын еселеуге үлкен үлес қосып жүрген сала қызметкерлеріне айтар алғысымыз шексіз, — деді Жалғас Оңғарұлы.
Мерекелік қабылдауда ауданымыздағы теміржол саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар сала ардагерлерімен қызметкерлеріне облыс әкімінің және аудан әкімінің міндетін атқарушының «Алғыс хаты» табысталды.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Құрметті теміржолшы Оразғали Бекпанов пен Қазалы вагон пайдалану депосының бастығы Арғын Орынбаев сөз сөйлеп, теміржолшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ізгі лебіздерін жеткізді.
Мерекелік жиын соңында аудан өнерпаздары ән шырқап, жиылғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Фото: Қазалы ауданы әкімдігі