Қызылорда: Қазалы ауданында балық тоғаны салынуда
Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданында «Арал Рыбторг» ЖШС-нің жетекшісі Қуаныш Өмірзақов ауданға қарасты Басықара ауылының аумағынан 464 гектар жер учаскесін жалға алып, балық өсіретін арнайы тоғандардың құрылысын жүргізуде, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Жеке кәсіпкердің айтуынша құны 650,0 млн. теңге құрайтын «Тауарлы балық өсіру тоғанының құрылысы» жобасы 2026 жылы толығымен іске қосылмақ. Жобаға сәйкес мұнда барлығы 52 тоған салынып, 2026 жылға 500 тоннаға жуық тауарлы балық алу жоспарланып отыр.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев Басықара ауылына арнайы барып, балық тоғанын салып жатқан кәсіпкермен кездесті. Сондай-ақ тоғанның құрылыс жұмыстарын көріп, жобаны толық жүзеге асыруға инвестиция ретінде қаржы ұйымдары арқылы қажетті қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Бүгінде кәсіпкердің бұл жобасы Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілді. Алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесімен жобаны қаржыландыру көзделіп отыр.
Жеке кәсіпкер Қуаныш Өмірзақов балық тоғаны іске қосылғаннан кейін жергілікті жерден 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.
Фото: Қазалы ауданы әкімдігі