Қызылорда: Қазалы ауданында заманауи мәдени-демалыс инфрақұрылымы қарқынды дамуда
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында Қызылорда облысының Қазалы ауданында экологиялық жағдайды жақсарту және заманауи демалыс инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Қазалы мәдени-демалыс кешені – жаңа тыныс, жаңа серпін. Жуырда ашылған Қазалы мәдени-демалыс кешені аудан тұрғындары мен қонақтарының сүйікті орнына айналды. Кешен екі негізгі бөліктен тұрады: Жеңіс саябағы және отбасылық демалыс саябағы. Жеңіс саябағы Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай ашылса, отбасылық саябақтың ашылуы 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне тұспа-тұс келді.
Қазалы теміржол вокзалы жаңаруда.
Биыл сәуір айында тарихи маңызы бар, 120 жылдық Қазалы теміржол вокзалына «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ қаржыландыруымен күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жоба аясында ғимарат іргетасы мен қабырғалары нығайтылып, шатыр, есік-терезелер толық жаңартылып, жолаушыларға арналған күту залдары заманауи стандарттарға сай жабдықталады.
Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық жобасы аясында өңірдің барлық елді мекендерінде санитарлық тазарту, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күнге тазалық шараларына барлығы 190 мыңнан аса (191 663) жан қатысты.
Нәтижесімен 8 мың тонна (8 125) астам қоқыс қалдықтары шығарылды. Оған 540-тан аса техника (545) жұмылдырылды.
Жыл басынан облыс бойынша 240 700 дана өңірдің климатына сәйкес жерсінетін қарағаш, терек және сырталының көшеттері егілді.
Фото: Қазалы ауданының әкімдігі