Қазақстанда ЭЦҚ енді тек онлайн беріледі
2025 жылғы 11 тамыздан бастап Қазақстанда электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) тек онлайн форматта берілетін болады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Цифрлық қолтаңбаны енді биометриялық сәйкестендіру арқылы алуға болады, ал ХҚКО тек ерекше жағдайларда – жүйе тұлғаны танымаса ғана қолжетімді нұсқа ретінде қалады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму министрлігі ресми түрде мәлімдеді.
Енді өтінімді egov.kz порталы немесе Ұлттық куәландырушы орталықтың (pki.gov.kz) сайты арқылы онлайн беруге болады. Содан кейін биометриялық сәйкестендіруден өту қажет. Бұл үшін пайдаланушыға бес мүмкіндік беріледі. Егер жүйе тұлғаны танымаса, ғана Халыққа қызмет көрсету орталығына баруға рұқсат етіледі.
Бұл шешім азаматтардың дербес деректерінің қауіпсіздігін арттыру мақсатында қабылданды. Яғни, енді ешкім бөтен адамның атына ЭЦҚ рәсімдей алмайды, – делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік сондай-ақ цифрлық құрылғылары жоқ азаматтарға арналған шешім де ұсынды. ХҚКО-ларда өздігінен қызмет көрсету аймақтары ашылады. Онда қажетті жабдықтар орнатылып, биометрияны қызметкермен байланыссыз тапсыруға мүмкіндік беріледі.
Статистика бойынша, 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда 15 миллионға жуық ЭЦҚ берілген, оның 92 пайызы – онлайн түрде рәсімделген. Бұл ел азаматтарының басым бөлігі цифрлық қызметтерді белсенді пайдаланып отырғанын көрсетеді.
Фото: Артем Чурсинов