Жаңа вирус: Қытайда карантин орнай ма?
Қытайдың Гуандун провинциясында COVID-19 пандемиясы кезінде қолданылған бірқатар санитарлық шектеулер қайта күшіне енді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл жолы мұндай шаралар халықты чикунгунья вирусынан қорғау үшін енгізілуде. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды.
Провинция дәріханаларында дене қызуын түсіретін және симптомдарды жеңілдететін дәрілерді сатып алу үшін енді жеке куәлік немесе басқа да құжаттар көрсету міндетті. Сатып алушылар туралы ақпарат санитарлық бақылау органдарына жіберіледі. Бұл тәсіл ауру белгілері бар адамдардың қозғалысын шектеу және оларды бақылауға алу мақсатында COVID-19 кезінде де қолданылған.
Фошань қаласының өзінде бір айдың ішінде 7 мыңнан астам адам аталмыш вирусты жұқтырғаны тіркелді. Жылы әрі ылғалды ауа райы мен су тасқыны кезеңі масалардың белсенді көбеюіне жағдай жасап отыр.
Бақылау және алдын алу шаралары
Провинцияда толық локдаун енгізілмегенімен, Фошаньнан өзге қалаларға барушыларға 14 күн бойы денсаулығын бақылау, ал алғашқы белгілер байқалса — медициналық мекемеге жүгіну талабы қойылған.
Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындарға үйлеріндегі жиналып қалған суды төгу міндеттелген. Бұл талап орындалмаған жағдайда айыппұл салынады. Масаларды анықтау үшін дрондар қолданылады, ал инфекция тарататын түрлерімен күресу мақсатында адамды шақпайтын, бірақ маса жейтін ірі жәндіктер арнайы жерлерге жіберілуде.
Қалалық су қоймаларына масалармен қоректенетін балықтар да жіберілген – бұл табиғи жолмен күресу тәсілдерінің бірі ретінде қолданылуда.
Чикунгунья: қауіпті вирустың ерекшелігі
Чикунгунья – маса арқылы таралатын вирустық ауру. Ауру кенеттен басталып, келесі белгілермен сипатталады:
- Жоғары температура;
- Бұлшықет пен буындардағы қатты ауырсыну.
Ауру кей жағдайда мынадай ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін:
- Неврологиялық бұзылыстар;
- Бұлшықет пен жүрек-қантамыр жүйесінің зақымдануы;
- Сирек жағдайларда — өлімге дейін.
Басты ерекшелігі – симптомдардың ұзақ уақыт сақталуы: науқастардың көпшілігінде ауырсыну мен әлсіздік үш айдан артыққа созылады.
Фото: Ашық дереккөз