Қызылорда: Қармақшы ауданында Абай күні аталып өтті
Бүгін Байқоңыр қаласында қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, кемеңгер тұлға Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай күні – Ұлы ақынға тағзым!» атты тағзым ету шарасы өткізілді.
Шара Абай ескерткіші алаңында ұйымдастырылды. Жиналған қауым Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-танымдық қойылымды тамашалап, оқушылардың орындауында ақын өлеңдерінен үзінділер тыңдады. Абай образы көрініс арқылы бейнеленіп, ақынның даналығы кеңінен насихатталды.
Іс-шара барысында Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы Алексей Геннадиевич, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жан Шайхысламұлы, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы және тағы да басқа сала басшылары сөз сөйлеп, Абай мұрасының ұлт руханиятындағы маңыздылығын кеңінен атап өтті. Сондай-ақ, Байқоңыр қалалық «Жәрімбет ата» мешітінің бас имамы Өміржан Жұмаділдәұлы жүрекжарды лебізін білдіріп, ұлы ақынға құран бағыштады.
Шара одан әрі мәдени бағдарламаға ұласып, «Назқоңыр» ансамблі, «Жас-дәурен» қобызшылар ансамблі және жергілікті өнерпаздар көрерменге рухани сый тартты.
Шара соңында жиналғандар Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, кемеңгер тұлғаның рухына тағзым етті.
Аудан әкімі Жандос Еркінбектің тапсырмасымен Қармақшы ауданынан арнайы делегация тағылымды шараға қатысты. Ұлт руханияты мен мәдениетін ұлықтауға арналған бұл жиын Абай мұрасын насихаттап, жастарға өнеге боларлық мазмұнда жоғары деңгейде өтті.