Ол киелі өңірде дүниеге келді. Қорқыт бабаның кіндігі кесілген, оғыздардың астанасы атанған ежелгі Жанкент жерінде өмір есігін ашты. Әрі сол қасиетті өлкеден алыстамапты. 1991 жылы Қызылорданың Қазалысына қарасты Өркендеу атты елді мекенде туған ол әлі де өз ауылында еңбек етіп жүр.

Оны барлығы ауылдағы жас буынның қорғаны деп біледі. Дұрысы, Талап Мурзалиев – жастар жанашыры. Сол елдегі №104 орта мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы «Қазақ-Қытай» академиясының «Қаржы» мамандығын алғаны бар. Тіпті діни сауаттылығын арттыру үшін  «Қожа Ахмет Яассауи» атындағы медрессені де тәмамдады. Өз білімін осылайша дамытқан ол облыстағы «Жас Отан» жастар қанаты мен «Альянс» студенттік ұйымдарында белсенді студенттер қатарында қоғамдық жұмыстарға етене араласқанын баса айтқымыз келеді.

«Ол кезде «Жас Отан» жастар қанатының басшысы Еркебұлан Меңлібаев, «Альянс» студенттік ұйымының жетекшісі Жасұлан Алдабергенов сынды азаматтармен бірлесе жұмыс істедік. Сол жігіттерден үйренген тәжірибемен елге оралып, Өркендеу жастарын жидым. 2012 жылы оқуды бітірген соң ауылдық округі әкімі аппаратының жанынан құрылған қоғамдық жастар ұйымының төрағасы болып сайланған едім. Содан бері ауыл жастарына түрлі шаралар, түрлі концерттік кештер мен қайырымдылық, спорттық шараларын кең көлемде өткізіп, жастар саясаты мәселесін өз елімізде дамыта бастадық», дейді Талап.

Жүйелі жұмыстың арқасында 2013 жылы Өркендеу ауылдық округі әкімі аппаратында бас маманының жанынан жастар іс-тәжірибесі бойынша көмекші маман болып жұмысқа қабылданған ол 2013-2014 жылдар аралығында Атырау қаласындағы 5546 әскери бөлімінде Отан алдындағы әскери борышын өтеді. Ал 2014 жылы тамыз айында шаңырақ көтеріп, бүгінде 3 ұл, 1 қыздың ардағы әкесі атанып отыр.

 «Дәстүрлі дінімізді насихаттау мақсатында ауылдық Жолмырза Ата мешітінің жамағатымен және ауыл жастарын біріктіріп, «Азан – ақырет кілті» атты іс-шара ұйымдастырдық. 2015 жылы желтоқсан айының 13 жұлдызында 1997-1991 жылғы аралығындағы ауыл жастарын ұйымдастырып, Желтоқсан құрбандары болған ел азаматтары мен азаматшаларына ас бергеніміз бар. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осыдан үш жыл бұрын Республика күнінде өзім құрған «Жанкент жастары» ұйымы бастамасымен және ел ағалары, сондай-ақ өркендеулік 1964-2000 жыл аралығындағы туған жігіттердің қолдауымен көп балалы ана Наргүл Баекеге асарлатып баспана салғанымызды да айтсақ деймін. Мұнан бөлек, біздің жастар түрлі жағдайдағы денсаулығы төмен ауыл азаматтарына 500 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетуге атсалысты. Жалпы «Жанкент жастары» ұйымның төрағасы ретінде 12 жылға жуық уақытта осындай қызығы мен қиындығы қатар жүретін жұмыстарды ауыл жастарымен бірге атқарып келеміз» дейді ол.

Расымен Талап Мурзалиев өз талабы мен ниетін үндестіре білген жігіт. Ежелгі қала — Жанкент тұрғыны ретінде Қазалы ауданының жастар саясатында беделді орны бар. Өзінің «Фейсбук» парақшасына бір сәт үңілсеңіз, Өркендеудің қыз-жігіттерінің басын қосып, әйтеуір «бардан жоқ жасап» жүретінін білетінбіз. Әрі қайырымдылықты жиі өткізетін осы топтың кейінгілерге үлгі болар жері көп. Олар бос сенделіп жүрмейді. Ардагерлерін де құрметтеуді ұмытпайды. Жылда сый-сияпатын жасайды.

Талаптың «Жыл волонтері» Қызылорда облыстық сыйлығының «Тарихи-мәдени мұраларды сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін» номинация және 100 мың теңге стипендия иегері атанғанын білетінбіз. Өйткені, ол елге, әсіресе, көне Жанкент шаһарының орнын көруге келген турист-қонақтардың жанынан бірден табылатын. Ел тарихын тәппіштеп түсіндіріп, сыр бүккен қорған-қамалдар жайлы ақтарыла сөз қозғайтын.

Ал әрірек барсақ, шағын ауылда түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жүрген Талап Алтынбекұлы 2015 жылдың қорытындысымен жастар саясатына қосқан үлесі үшін Қазалы ауданының әкімінің «Жылдың үздік жас депутаты» аталымын, сондай-ақ «Үздік жас маман-2019» облыстық байқауына қатысып, Алғыс хат иеленгені бар.

«2019 жылдың қорытындысымен Қазалы ауданының әкімінің Жастар жылы аясында мемлекеттік жастар саясаты мен қоғамдық жұмыстарға белсенділік танытып, рухани-әлеуметтік үрдістердің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін «Үздік жас көшбасшы» номинациясын және 2022 жылдың қорытындысымен республикалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығын және төсбелгісін алдық. Бұған қоса «ҚР Еңбек сіңірген қызметкері» атты республикалық байқауының төсбелгісі де бар» дейді Талап Алтынбекұлы.

Ал былтыр Талап бастаған жанкенттік жастар 25-ке жуық шара ұйымдастырыпты. Ауыл ішін «Таза Қазақстан» бағдарламасымен көркейту-көгалдандыру, тал көшеттерін отырғызу, Ораза не Құрбан айтта ауыл ақсақалдарының батасын алу, ауызашар беру, мешіт ауласын күтімге алу, мүмкіндігі аз қариялардың үйінің сыртын қоршап, кейбір баспананы қайта жөндеп, тіпті аз қамтылған отбасыларға көмір, отын түсіруге жәрдемдесіп келеді. Қайырымдылыққа құмар жігіт өз ауылдастарын осындай игі іске үнемі үгіттеп келетінін несін жасырайық?! Тіпті көрші ауылдағы болып жатқан қайырлы іске де қаржылай көмек жиыстырып, ұйымдастырушылар қолына тапсырады деп есіттік.

Айтпақшы, біздің кейіпкеріміз 2014-2016 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы Қазақстан инженерлік-педагогикалық халықтар достығы университетінің «Музыкалық білім» мамандығын оқып бітірді. Ал 2016 жылдың соңынан бастап сол Өркендеудегі Жанкент ауылдық мәдениет үйінің әдіскері болып қызмет атқарып келеді. Мұнан бөлек, жоғарыда айтқандай «Жанкент жастары» ұйымының төрағасы ретінде аудан ішіндегі барлық рухани-танымдық шарадан тыс қалған емес. Әр мерекелік күндерден бөлек, қайырымдылық концерттерді жиі өткізіп, түскен қаржыны мұқтаж отбасыға тапсыру – Талап үшін бұлжымас қағида. Бір ұнамдысы, оның ауыл қариялары мен жастар арасында жиі кездесу өткізіп, олардың өмір тәжірибесін ылғи үлгі етіп отыратыны бар.

Талап – көшбасшы жігіт. Бір таңқаларлығы, оның мұндай жастық жігерін жергілікті билік — Қазалы ауданы, жо-жоқ, тіпті облыс көлемінде пайдаланса керек-ті. Ауылдан ұзамаған ұлды әлде басшылық көрмей ме? Десек те, оның жастар ісін үйлестірудегі еңбегі орасан. Бүгінгі Жастар күнінде шағын ауылда жүріп, сан шаруаны бітірген мұндай азаматқа тек аласармас абырой тілегіміз келеді. Алға, таудай іс бітірген Талап замандас!

Ержан ҚОЖАС,

журналист

Астана қаласы.

Фото: мақала кейіпкерінен

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *