Путин мен Трамп Анкоридж қаласында кездеспек
Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың екіжақты кездесуі Анкориджде (Аляска) өтеді. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Ливитт мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жұма күні таңертең президент Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен екіжақты кездесу үшін Анкориджге барады, — деді ол Ақ үйдің ресми YouTube арнасында.
Ливиттің айтуынша, кездесудің мақсаты – Ресейдің украин қақтығысын реттеу мәселесіндегі ұстанымын түсіну. Сондай-ақ, Трамп Путин және Украина президенті Владимир Зеленскиймен үшжақты кездесу өткізіп, қақтығысты толық тоқтатуға үміттенеді.
Қазіргі әкімшілік дипломатиялық жолмен бейбітшілікке қол жеткізу үшін барлық мүмкін шараларды қабылдап отыр, — деді Ливитт.
Оның айтуынша, Трамп пен Путиннің жеке кездесуі украин мәселесін шешуге қатысты қосымша түсінік береді деп күтілуде.
Кездесу кестесі қазір екі елдің өкілдері арасында келісілуде. Ливитт Трамптың болашақта Ресейге сапар жасау ықтималдығын да жоққа шығармады.
Фото: Ашық дереккөзден