Қызылордада «Жастармен бірге!» атты open air форматындағы кеш өтті
12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Қызылорда қаласындағы “Достық үйі” ғимаратының алдында ашық аспан астында жастарға арналған ерекше гала-концерт ұйымдастырылды. «Жастармен бірге!» атауымен өткен кешке қала жастары мен қонақтар қатысып, әсерлі атмосферада демалыс кешін өткізді, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Шараға қатысқан Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет барша жастарды мерекемен құттықтап: «Жастар – қашанда асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Қай елдің болмасын басты капиталы халқы десек, соның ішінде жастар – қоғамның жетекші күші ретінде елдің дамуы үшін жауапты екені сөзсіз», – деп атап өтті.
Кештің мәдени бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шықты. Жастар Жарасхан Төлебай, DJ Jako, Axallek, Есқара сынды өнерпаздардың әуендерін тыңдап, мерекелік көңіл күйге бөленді. Шараның жүргізушілері Әліби Басаров пен Нұрлан Сипанов жастармен интерактивті байланыс орнатып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Кештің басты хедлайнері – “6ELLUCCI” тобы жарқын шоу ұсынып, жастардың мерекелік қуанышын еселей түсті. Шара соңында DJ Jako-ның сүйемелдеуімен өткен би кеші мерекені ерекше қорытындылады.
Мерекелік концерттің бір ерекшелігі — өнер көрсеткен өнерпаздардың барлығы жергілікті жастар және Сыр өңірінен шығып тұтас елге танымал болып үлгерген жас таланттар.
Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ