Тяньцзиньге дейінгі 22 түн. Си каналы мен Трамп шлюзы арасында қалған қазақ тағдыры
Біздің адамдар көп талқылаған әнші келіншекке шегіртке секіріп, халқымыз мәз болып жатқанда Вашингтонда Әлиев пен Пашинянның қолын алыстырған АҚШ Арменияның 40 шақырым жерін кесіп өтіп, құрлық арқылы Әзірбайжанның негізгі территориясын Түркиямен жалғайтын Зангезур коридорын ұзақ мерзімге дамыту және басқару құқығын иеленген еді.
Біз бұл мәселеде Зангезур проблемасының шешілуімен қуана алсақ та, Қытай мен Еуропа сынды ерлі-зайыптының арасына кіріп кеткен АҚШ факторы үшін Бейжіннің болашақта Каспийді айналып өтетін басқа жол іздей бастайтынын түсініп отырмыз. Бар үмітімізді осы Орта дәлізге артып едік. Зангезур соңғы пазл болып қалған. Бірақ Қытай өзінің Еуропаға құрлықпен шығар магистраліне АҚШ-ты араластыруға қаншалықты көнеді?
Зангезур қақпасында отырып алған АҚШ Қытайдың Еуропаға шығатын тауарларына саботаж жасап, тарифті көтеріп ойнай бастаса ше? Бейжің Транскаспийді дамытуға көп күш жұмсаған болатын. Қытайдың мұрындық болуымен Орта дәліз 2024 жылы 4,3 миллион тоннадан астам жүк тасып рекорд жаңартқан еді. Әлі күнге дейін Қытай–Еуропа теміржол контейнерлерінің негізгі бөлігі Қазақстаннан өтіп, Ресей–Беларусь бағытымен жүреді (шамамен 89%). Біз санкция салқынын пайдаланып, Ресей үлесін азайтып, негізгі жүкті Каспий арқылы тасуға ниеттеніп жатқанбыз. Соның арқасында Ақтау, Құрық порттарын жақсартып, кемелер аламыз деген жоспарларымыз бар.
Қытай кез-келген нәрсені әртараптандырып тастайды. «Бір белдеу-бір жол» жобасының өзі Қытайдың теңіздегі сауда жолдарына балама ретінде жасалды. Ресей жолын ол Қазақстан арқылы әртараптандырды. Ал Қазақстандағы маршрутқа Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы арқылы сәл де болса бәсекелестік жасап қойды. Оның барлығы, не болса да Қытайдың Еуропаға тауар ағынын тоқтатпауға бағытталған
.
Тяньцзиньдегі саммит: одан кейін өмір өзгере ме?
31 тамызда Қытай өзінде ШОС саммитін өткізеді. Дәл осы саммитке Айдаһар елі зор мән беріп дайындалып жатыр. Зангезурдағы өзгерістерге қатысты Қытай жаңа логистикалық бастама көтереді деген күтулер де бар. Шамамен Бейжің не ұсынуы мүмкін?
Си мырза АҚШ-тың бюрократиялық қақпанын болдырмау үшін Қазақстан–Каспий–Әзербайжан–Грузия–Түркия тізбегінде бірыңғай құжат айналымы, цифрлық пломба, синхрондалған тарифты іске қосу бастамасын көтеруі ғажап емес. Оның ішінде кедендік фито-ветеринариялық бақылауды бір терезеге біріктіру, алдын ала декларация және ең бастысы CIPS арқылы юаньмен мультиклирингті төлем жасауды енгізеді деп ойлаймын.
СIPS (Cross-Border Interbank Payment System) Қытайдың халықаралық банкаралық төлем жүйесі. Бір сөзбен айтқанда ол SWIFT баламасы және болашақ бәсекелесі. Толығымен юаньге бейімделген төлем платформасы санкциялық шектеулер жағдайында альтернативті төлем арнасы бола алады. СIPS арқылы біз де болашақта жұмыс істейтін сияқтымыз.
Зангезурдағы Трамптың Қазақстанға қандай әсері болады?
Зангезурдың ашылмауынан ашылуы әрине жақсы. Бірақ барлығы Анкара, Баку мен Астанаға емес, АҚШ пен Қытай арасындағы коммуникация градусына байланысты болады. Егер Бейжің Тайванды күшпен қайтаруға кірісетін болса, онда Қазақстан ұтылды деген сөз. Ал Қытай соғысқа асықпаса, Трамп оларға тиісе бермесе біз Ақтау мен Құрықты кеңейтіп алып, Alat портында қазақ терминалын ашып, кемінде екі дана Ro-Ro/фидер паромын лизингке алып алар едік. Қазір транзиттің ұлғаюы біздің экономикаға жағымды әсер беріп жатыр. Жеті айда өсім +6,9%. Сондықтан Зангезур 2025-2026 жылдары біздің экономикамызға қосымша 1,5 миллиард доллар бере алады.
Трамптың қолында «кранчик» болады десек те, ол құбырдан ағатын суды Қытай мен Қазақстан бермек. Дональд Трамп тым қатты кетіп қалып жатса, Қытай Қазақстан арқылы Ресейге шығатын логистикалық маршрутқа қайта орала салатынын сезіп отырмыз. Сондықтан Қытай барлық үмітін алдағы тарихи ШОС саммитіне артып отыр.
Тяньцзиньдегі тағдырлы саммитке 22 күн қалды. Әлемде үздік деп саналатын қазақ дипломатиясы ШОС-тағы шытырманға дайындалып жатыр. Бүгін бір тақтайды сындырып көріп, қолда қуат бар ма, жоқ па деп бір тексеріп алдық. Қазақ үмітін арқалаған Airbus Prestige де Астана әуежайында тықыршып тұр. Не болса да, осы жолы барлығы Қытайдың шығысындағы портта шешіледі.
Айбар ОЛЖАЙ

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *