Трансшекаралық өзендер жайы: Қытайдың ойлағаны не?
ІЛЕ ҚҰРЫСА…
Елімізде 85 мың өзен бар екен. Былай қарасаң, сұмдық көп сияқты?! Бірақ, осы көптің дені 10 шақырымнан аса қоймайды әрі жазғы қуаңшылықта құрғап қалады. Дария дейтіндей ірілері саусақпен санарлық. Олар: Сырдария, Шу, Талас, Іле, Ертіс, Есіл, Нұра, Сарысу, Жайық…
Енді осылардың ішінде бастауы да, соңғы құятын нүктесі де өз территориямызда жатқан өзенді табыңызшы? Нұра мен Сарысу ғана. Қалғанының бәрінің бұлағы — көрші елдерде. Сырдария — Қырғыз, Тәжік, Өзбек территориясымен келеді. Шу, Талас — Қырғыз жерінде. Іле, Ертіс — Қытайдан келеді. Жайықтың басында Ресей отыр. Жалпы бастауы басқа елде жатқан, жолай бірнеше мемлекетті басып өтетін өзендерді — трансшекаралық өзендер дейді. Жаһан жұрты, мұндай ортақ өзендерді ешкім басы бүтін иеленіп алмасын, бөгемек болса, канал қазып, суды бұрмақ болса, етектегі елдермен келісуі керек,-деп 2 конвенция қабылдаған. (Хельсинки 1992 жыл, Нью Иорк 1997 жыл)
Әлемдік заң тұр. Бірақ оны мойындамаған елдер бар. Өкінішке орай, біздің ірі өзендеріміздің басында отырған Қырғыз, Тәжік, Қытай әлгі құжаттарға қол қоймаған. Тиісінше, өзеннің аяғында жайғасқан елдердің мүддесін ескере бермейді. Қырғызға қыр көрсетіп, тәжікпен тәжікелессек те, мәселені шешерміз. Қытай қиын боп тұр. Сол Қытайдан біздің елге өте маңызды өзен ағып келеді. Ол — ІЛЕ!
Арғы беттегі Күнгес пен Текес бірігіп, Іле аталады-дағы 1439 шақырым ағып кеп, Балқашқа құяды. 815 шақырымы Қытай жерінде жатыр. Дәл осы 815 шақырым бойы шүпірлеген бөгенге толы. Нақты есебі жоқ. Бірақ, сарапшыларһ Google Earth қосымшасымен Іле бойын әм сағасын шарлап, 8 суқойма, 59 орташа-шағын ГЭСті санап шыққан.
Бұл бөгеттер қанша суды ұстап қалып жатыр? Оның да нақ дерегі жоқ. Бір білетініміз, қазір Іле өзенімен жылына 12 миллиард текше/метр су келеді. Ал 1970 жылға дейін, Шығыс Түркістанда қазіргідей қатты дами қоймаған, тыныш заманда 23 миллиард текше/метр су келетін. Қытай 50 жылда өзеннің 50 пайызын ішіп қойды,-деген сөз. Көрші ел мұнымен шектелмей, Іледен әлі біраз су алуды жоспарлап отыр.
Мұнша су неге керек? Қытай – қазақ пен ұйғыр жайлаған Шығыс Түркістанды толық иелеу үшін, 2001 жылы “Батысты игеру” (西部大开发) деген саясатты қолға алған-ды. Осы уаққа дейін, ішкі өңірден 25 миллионға таяу хань жұртын Қашғар аймағына көшіріп әкеп, қазір ол жақта қытайлықтар көпшілікті құрайды. Осыншама көп халықты тамақпен, жұмыспен қамту үшін мыңдаған өндіріс ошақтары ашылып, 2 миллион гектар жер жыртылып, Үрімші, Қарамай, Құмылдың бұрын шөл болған аймақтарына күріш, бидай, мақта егіп тастаған.
НАРИМАН ҚЫПШАҚБАЕВ – СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЭКС-МИНИСТРІ:Бұрын Қытайдың Шыңжаңдағы халық саны біздің елдің санымен бірдей еді. Бізде 5 миллион болса, олар 5 миллион. Біз 10 миллион болсақ, олар 10 миллион. Ал қазіргі қарқынмен, алдағы 20 жылда олардың саны 100 миллионға жететін түрі бар. Яғни Іленің суына сұраныс артып кетті. Іленің суы жетпегесін, Ертістен канал қазып Үрімжіге су апарды. Қазір Қытай: Суды бөлісетін болсақ, Іле өзенінің бойында Қазақстан жағында, Қытай жағында қанша халық жайлап отыр, соған сай бөлейік,-дегенді айтып жүр. Оған көнсең, әлгінде айттым. Іленің Қазақстан жағында ары кетсе 5 миллион адам тұрады. Ал Қытайдың Шыңжаңындағы адам саны 30 миллионнан көп. Олай болса, судың 70 пайызынан көп бөлігін ұстап қалады. Бұлай дұрыс емес! Қазақстанға Іле суы — ауылшаруашылықтан бұрын, Балқаш көлін аман сақтап қалудың жалғыз тірегі. Қытай экономиканы алға тартса, біз күллі құрлықтың экологиясы құрып-тынатынын айтып келеміз.
ҚЫТАЙ УАҚЫТТАН ҰТҚЫСЫ КЕЛЕДІ. НЕГЕ?
Қытай — шекаралас ешбір елмен өзен суын бөлісу жайлы келісім жасаспаған. Өйткені, дария Қытай территориясында жатыр екен, ол Қытайдың мүлкі. Ал өз мүлкімді қалай пайдаға жаратсам да, еркім,-деп біледі.

/сурет ашық дереккөзден алынды
Қазақстан мұнымен келіспейді. Жүз бірдеме жиналыс, кездесу өткізіп тастаппыз. Президентте сапарлап барған боп, үнемі трансшекаралық өзендерді, протоколға енбесе де, тықпалап, мәселесін сөз етеді. Сондай-сондай сапарлардың арқасы, Қытай тәбеті аздап жұмсарды. Әйтпесе, Іле өзенінің бойында Қазақстан бөлігінде қанша халық отыр? Қытай жақта қанша жұрт отыр? Суды сол халық санына тең бөлейік,-дейді. ІЛЕ — ортақ өзен,-дегенге көндірдік. Қытайдікі ғана емес, қазақтың да өзені дегенді мойындады. Бірақ, дариядан мынанша процент мен, ананша процент сен аласың,-деп үлес анықтауға келіспей жатыр.
Түбінде келісімге келеді ғой. Бірақ, созбалақтап жатыр. Әлгінде әдейі жаздым, жүз бірдеме кездесу өткізіп тастағанбыз,-деп. Нәтижесіз кездесулер. Неге келісімге келмей, созып жатыр?Кей сарапшылардың айтуынша, Қытай уақыттан ұтқысы келеді. Өйткені өткен әр жыл – Қытайдың пайдасына жұмыс істеп жатыр. Себебі әр жыл сайын, олар өз аумағында жаңа каналдар, бөгендер салып үлгеріп жатыр. Неге?
САЯТ ӘЛІМҚҰЛОВ – ГЕОГРАФИЯ ЖӘНЕ СУ ҚАУІПСІЗДІГІ ИНСТИТУТЫНЫҢ ТӨРАҒА ОРЫНБАСАРЫ:Қытай түбінде трансшекаралық өзендер бойынша келісімге қол қояды. Бірақ, сол күн туғанша, әбден дайын болғысы келеді. Мысалға, халықаралық шартта қазірге дейін экономикада пайдаланып отырған суды үлеске салуға болмайды,- деген түсінік бар. Яғни қазір мейлінше суды көп тұтынатын инфрақұрылым жасап алса, ертең одан артылған суды ғана бөліседі,-деген сөз. Су бөлісте қиын болып отырғаны – Шыңжаң үшін де, біз үшін Іле-ертіс өзендері ірі дария саналады. Іле мен Ертіс ең үлкен өзендер. Қалған Ақсу, Тарым сияқты өзендерде ондай су жоқ. Мәмілеге келуде осындай мәселелер бар.
БАЛҚАШ ҚҰРЫМАСЫН ДЕСЕК…
Іле өзені 12 миллиард текше/метр суды Балқашқа құяды. Дәл осы көрсеткіштен төмендемеуі керек. Әйтпесе Балқаш көлінен айырылып қаламыз. Балқаштың тағдыры Ілеге тікелей тәуелді. Иә, майда-шағын өзендер де көлге құяды. Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз. Бірақ бұларды ңбаршасын қосқанда 3 миллиард суға жетер-жетпес. Негізі Балқаштың тағдыры Ілеге байлаулы…
НАРИМАН ҚЫПШАҚБАЕВ – СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЭКС-МИНИСТРІҮлесті қалай бөлгісі келеді? Қытайға салсаң – Ол ештеңе бергісі келмейді. Балқаштың керегі не?-дейді мысалға. Бейресми осындай позициялары бар. Оған қалай жауап бересің? Қытайдың заңын оқу керек. Қытайдың заңы бар – әлемдік және өлкелік маңызы бар көлді құртуға болмайды,-деген. Устав пишется кровью,-деген орыстың сөзінің жаны бар. Кезінде, Лобнор көліне суландырып отырған Тарым өзенін бөгеп, айдынға су бармай қалды да, мүлдем құрғап кетті. Содан барып, осындай заң шығарған. Енді сол заң-құжаттарын өздеріне көрсету керек. Көлді сақтау керек деген заң Қытай үшін актуалды, басқа үшін маңызды емес пе,-деп сұрау керек! Ол үшін оқымпаз, ізденімпаз мамандар отыруы керек.
ИСЛАМ ӘБІШЕВ – СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КОМИТЕТІНІҢ ЭКС-БАСШЫСЫСу мәселесін өте терең білу керек. Трансшекаралық өзендер бойында қанша халық отыр? Қанша егістік алқабы бар? 100 жыл ішіндегі келісімдер. Мұның бәрін білетін адамдар жұмыс істеуі керек. Шекаралық өзендер мәселесін қарайтын комиссиядағы әр қызметкер кемінде 15-20 жылдық жұмыс өтілі болуы керек. Ең бастысы суға жауапты басшы қасында, сол кісіні алмастыра алатындай жастар бірге жүруі керек. Яғни толық тарихты біліп жұмыс істемесе, келісімдерді жақсы нәтижемен тәмамдау қиын.
ҚЫТАЙМЕН ҚАЛАЙ КЕЛІСЕМІЗ?
Қытайдай – алып державаны трансшекаралық өзендерді әділ бөліске көндіру – оңай шаруа емес. Бірақ… үмітсіз шайтан. Меніңше, қытай ғалымдары — суды жыртқыштықпен тұтыну түбі апатқа ұрындырарын түсінеді. Себебі, Балқаштың тартылуына жол берсе, бұл Қытайдың Орта Азия аймағындағы беделіне де, мега-жобаларына да кері әсерін тигізуі ықтимал. Мысалға, Қазақстан арқылы өтетін маңызды құрлық дәліздерінің бірі – «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолы, сондай-ақ теміржол бағыттары Қытайға да ауадай қажет. Өйткені, қазір «Оңтүстік Қытай теңізінде» жағдай шиеленісіп барады. Филиппин, Индонезия, Вьетнам елдері Қытаймен қырғи қабақ. Ертең әлгі аймақта қақтығыс бұрқ етсе, теңіз сауда жолы жабылады. Сол сценарийді есепке ала отырып, Қазақ жерінен «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» дәлізі соғылған. Бұл трассаның стратегиялық маңызы қаншалық екенін түсіну үшін айтып отырмын. Мұнымен қоса, мұнай-газ саласында да көрші елдің ірі инвестициялық жобалары бар. Осы тақырыптарды алға тартып, Қытайдан трансшекаралық өзендер бойынша қолайлы келісім талап етуге болады. Яғни су жайын көлік-логистика, сауда келісімдер пакетіне кіріктіруіміз керек. Сондықтан Қытай басшылығына «суды әділ бөлісу – өздеріне де стратегиялық тиімді» екенін ұғындыру керек. Бұл, әрине, нәзік дипломатиялық сауданың тірлігі.
КУЛУБЕК БОКОНБАЕВ – ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯ ЭКС-МИНИСТРІ, ПРОФЕССОРОрталық Азияда бұл сенің мәселең, маған қатысы жоқ,-деген болмайды. Қазір Қазақстан Іле, Ертіске қатысты қиындықтары туып жатыр ма, болысуымыз керек. Жалғызілік Қытаймен келісімде қазақ туғандар ешқандай нәтижеге жете алмайды. Сондықтан бізге 4+1 позициясын ұстану керек. Яғни Қазақстан – Қырғызстан, Тәжікстан және Ресеймен бірлесіп, Қытаймен келіссөз столына отыру керек. Қырғыз, Тәжік тауларынан Қытайға ағып баратын Ақсу, Нарын, Сарыжаз деген өзендер бар. Бұл фактіні келіссөзде шебер пайдаланған жөн. Ресей де маңызды! Ертіс өзені ақыр соңында Ресейге барады. Ертістің тартылуы солтүстіктегі көрші экономикасына да зиян екенін дәлелдеп, Қытаймен келіссөзде аса ірі ойыншы ретінде, бізге жақтасқаны ләзім. Ең бастысы, публикаға ойнап, қатты сөйлегеннен абайлау керек.
Бір тараптың қатты кетуі, екінші жақты тіпті қасарысуға итермелеуі мүмкін. Әзірге Қытайдың су саясаты салыстырмалы түрде жұмсақтау. Қазекемдерге осы сәтті барынша пайдаланып қалу керек.
Нұрбек БЕКБАУ, журналист
Жазба автордың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды