30 тамыз – еліміздің құқықтық негізі мен тәуелсіз мемлекеттіліктің мызғымас тұғырына айналған Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Биыл бұл атаулы күнге 30 жыл толып отыр. Осы маңызды күн аясында Қызылордадағы Қармақшы ауданында мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Аудандық Мәдениет үйінде «30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне» арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара Мемлекеттік Туды сахнаға салтанатты түрде алып шығу және Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаумен басталды.

Салтанатты кеште ауданның әлеуметтік-экономикалық жетістіктері жайлы арнайы бейнеролик көрсетіліп, Конституцияның ел өміріндегі маңызы айтылды.

Шара барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде:

«Ата Заңымыз – «Жаңа Қазақстан» идеясын жүзеге асыру жолындағы барлық реформалардың арқауы. Ел Президентінің бастамасымен әділдік пен заң үстемдігін орнату бағытында ауқымды өзгерістер жүзеге асуда. Конституцияға сүйене отырып, елімізбен бірге киелі Қармақшы өңірі де қарқынды дамып келеді», – деді.

Аудан басшысы сондай-ақ өңірдегі экономикалық көрсеткіштердің өсімін, әлеуметтік инфрақұрылымның жаңаруы мен газдандыру, жол жөндеу, тұрғын үймен қамту, теміржол вокзалдарын жаңарту сынды ірі жобалардың іске асуын атап өтті. Бұл жұмыстардың барлығы Ата Заңда белгіленген азаматтардың сапалы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету қағидаттарына негізделгені айтылды.

Конституция күніне арналған мерекелік шаралар легі аудан орталығындағы орталық алаңда жалғасын тапты. Мұнда өткен салтанатты гала-концерт — Ата Заңға деген құрметтің жарқын көрінісіне айналды.

Кеш аудан өнерпаздарының патриоттық ән-күйімен басталып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Шараның көркін Қазақстан эстрадасының танымал жұлдыздары Дана Кентай мен Alham қатысқан концерттік бағдарлама аша түсті.

Қармақшы ауданында өткен бұл мазмұнды іс-шаралар Ата Заңға деген терең құрмет пен отансүйгіштік сезімді ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған тағылымды басқосу болды.

Фото: Қармақшы ауданы әкімдігі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *