29 тамыз – Қазақстан тарихындағы айрықша маңызы бар күндердің бірі. 1991 жылы дәл осы күні Президент Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Ал 2009 жылдан бастап бұл күн ресми атаулы күн ретінде аталып өтуде. Сондай-ақ, ол Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде де әлем жұртшылығына белгілі.

Осы атаулы дата аясында Қызылорда қаласында «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» әлеуметтік жобасы шеңберінде тағылымды шаралар ұйымдастырылды.

Алдымен «Тағзым» алаңында Семей ядролық полигонынан зардап шеккендерді еске алу рәсімі өтті. Қатысушылар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, тағзым гүлін қойып, құран бағыштады.

Жиынға ардагерлер, әскери бөлімшелердің өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен жастар қатысты. Шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Р.М. Каюпов және «Невада–Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Ы. Әбіш сөз сөйлеп, ардагерлерге алғыс білдіріп, бейбіт өмірдің құндылығын атап өтті.

Еске алу рәсімінен соң, Қызылорда қаласындағы Әскери-техникалық мектептің мәжіліс залында «Ерлікке тағзым – елдіктің белгісі» атты танымдық жиын өтті.

Облыстық басқарма басшысы Р.М. Каюпов құттықтау сөзінде:
«Бұл күн – халқымыздың қасіретімен қатар қайсарлығының да символы. Қазақ халқы әлемге бейбітшілікті қастерлейтін, ерлігімен дараланған халық екенін дәлелдей білді. Ардагерлердің еңбегі – өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге», – деп атап өтті.

Салтанатты шара барысында Семей ядролық сынақ полигонында әскери борышын өтеген ардагерлерге Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, облыстық «Қызылорда–Невада–Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Ы. Әбіш  тарихи оқиғаның ел тәуелсіздігі мен бейбіт өмір үшін маңыздылығына тоқталды.

Ардагерлер өз ой-пікірлерін ортаға салып, жас сарбаздарды бейбітшілікті қастерлеуге, елді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін ұғынуға шақырды.

Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, ардагерлерге құрмет көрсетілді.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *