2017 жылы елімізде Үкімет қаулысымен 5 қыркүйек — халқымыздың тағдыры мен тілі үшін күрескен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырып, Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілді, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Осыған орай, Қызыорда облысындағы Қазалы ауданында «Ана тілім — айбарым!» атты мерекелік шара өтіп, тіл жанашырлары құрметке бөленді. Роза Бағланова атындағы аудандық Мәдениет үйінде өткен мерекелік шара аудан өнерпаздарының қазақ тілінің қадірі, байлығы туралы ерекше сахналық қойылыммен басталды. Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов сахна төріне көтеріліп, барша жиылғандарды тілдер мерекесімен құттықтады.

— Бұл күн – халқымыздың сан ғасырлық тарихымен тамырлас, рухымен үндес, болашағымен сабақтас ана тілімізге, сондай-ақ елімізде өмір сүріп жатқан барша ұлттардың төл тілдеріне құрмет көрсететін маңызды мереке. «Тіл – ұлттың жаны» дейді дана халқымыз. Тіл – ұрпақ пен ұлтты байланыстыратын алтын көпір, халықтың жүріп өткен жолының шежіресі, жүрегінің үні. Сол себепті де тілге деген құрмет – елге деген құрмет. Ахмет Байтұрсынұлы – тіл мерекесінің рухани темірқазығы. Биыл Алаш арысының туғанына 153 жыл толып отыр. Ол «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» деп, тіл мен тарихтың байланысын терең түсіндіріп кеткен. Ахмет атамыз: «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» – деп, тілдің тағдыры – ұлттың тағдыры екенін дөп басып айтқан. Сондықтан тіліміздің тұғырын тіктеу – бүгінгі ұрпақтың да қасиетті борышы. Сіздерді осынау ел болашағы үшін маңызды мерекемен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Еліміз ынтымақты, тіліміз өркенді болсын, — деді Дәурен Оңғарбайұлы.

Мерекелік шарада ауданымыздағы әрбір салада қазақ тілінің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар тіл жанашырларына аудан әкімінің міндетін атқарушы Жалғас Сүйеубаев пен облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының, «Алғыс хаты» және «Абай аманаты» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар жиында облыстық, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Алғыс хатымен» және қоғамдық бірлестіктің арнайы номинацияларын иеленгендер де болды.

Кеште Қазалы ауданы бойынша «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нұрбибі Әшір сөз сөйлеп, мерекеге орай құтықтауы мен жылы лебізін жеткізді.

Мерекелік шара барысында «Балапан» балабақшасының балалардан құралған хор ұжымы «Ана тілі» әнін ерекше орындаса, аудан өнерпаздары қазақ тілінің қасиетін ұғындыратын әсем әндерден шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Фото: Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *