Ақордадағы ауыс-түйіс: кімдер келді, кімдер кетті?
Ақордадағы ауыс-түйістің басы кеше басталды. Алдымен Президентінің көмекшісі лауазымынан Тамара Босымбекқызы Дүйсенова босатылды.
Кейін, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Бисимбайұлы Шарлапаев Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі лауазымынан босатылды.
Ізін суытпай, Ернар Жеңісұлы Баспаев те Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі лауазымынан босатылды.
Артынан тағайындаулар басталды. Бұл лектің басын Бақытжан Шаймұхаметұлы Сапиев бастады. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды, бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.
Артынша Мемлекет басшысының өкімімен Әлихан Қайыргелдіұлы Жамсатов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды.
Ал Күнсұлу Дальтонқызы Закария Қазақстан Республикасы Президентінің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі лауазымынан босатылды.
Бүгін де Ақорданың таңы «босатулармен» басталды.
Ең алдымен Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Хозеұлы Қазыхан Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі лауазымынан босатылды.
Кейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Ержан Хозеұлы Қазыхан Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі лауазымына тағайындалды.
Ал Ерлан Алтынбайұлы Әлімбаев Женева қаласындағы (Швейцария) Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі лауазымынан босатылды.
Бұған дейін СІМ болып еңбек етіп келген Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу де бұрынғы қызметінен босатылып, Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.
Ал оның орнына Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермек Беделбайұлы Көшербаев Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.
Президенттің босату жөніндегі пәрменінің соңын Ержан Нигматоллаұлы Ашықбаев түйіндеді. Ол Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды.