Сыр өңірінде «Таза Қазақстан» road-эстафетасы қорытындыланды
Алматы – Қызылорда бағытындағы 1200 шақырымдық автожол бойын тұрмыстық қалдықтардан тазарту мақсатында ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» Road-эстафетасы қорытындыланды.
Эстафета құрамында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандирова, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Жарқынбек Амантайұлы, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, эко блогерлер, еріктілер бар. Қатысушылар республикалық маңызы бар автожол бойын тазарту жұмыстарымен қатар, «Вандализмге жол жоқ» акциясы аясында Жаңақорған ауданындағы «Сығанақ» қалашығы айналасында тазалық жұмыстарын жүргізген болатын.
Шиелі ауданындағы іс-шара барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары аудан тұрғындарына арнайы қабылдау өткізсе, «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандирова аудан жастарымен кездесіп пікір алмасты. Қабылдаулар мен кездесулер барысында аудан тұрғындарының сұрақтарына нақты жауаптар берілді.
Атап өту керек, эстафета апта басында Алматы облысынан бастау алған болатын. Тазалық сақшылары эстафета аясында 4 облыс, 1 қала және 15 аудан аумағына тазылық жұмыстарын жүргізіп, 10 мың тоннадан астам қоқысты қайта өңдеуге жөнелтті.
Бүгін эко-акция қорытындылау шарасына «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов, партияның облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңес төрағасы Жорабек Нұрымбетов, еңбек ардагерлері мен белсенді жастар қатысып, эстафетаға үлес қосқан барша азаматтарға ризашықтарын білдірді.
Осылайша тазылық жанашырлары Алматы облысынан Қызылорда өңіріне дейінгі республикалық маңызы бар автожол бойын тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстарын жүргізіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосты.
Жалпы эко-эстафетаға 3000-ға жуық белсенді жас қатысып, тазалық пен қоршаған ортаға жанашырлық үлгісін көрсетті.