Банктердегі базалық мөлшерлеме 18% болып бекітілді
Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 18%-ке дейін, яғни 150 базистік тармаққа көтеру туралы шешім қабылдады,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
Шешім инфляцияның қазіргі динамикасын, оның факторлары мен тәуекелдер балансын ескере отырып қабылданды.
Инфляциялық ахуал нашарлап тұр. Тамыз, қыркүйек айларында жылдық инфляция қарқын алып, 12,9%-ке жетті. Инфляцияның барлық компоненті өсіп жатыр. Бұл бағаларға бір сәтте ішкі және сыртқы бірнеше фактордан қысым көрсетіліп жатқанын білдіреді. Инфляцияның өсуіне негізгі үлес қосып отырған фактор – азық-түлік пен ақылы қызметтердің қымбаттауы. Айлық инфляция және оның тұрақты бөлігі айтарлықтай жеделдеп келеді. Инфляциялық күтулер де жоғары болып қалып отыр.
Биыл 8 айда экономика 6,5%-ке өсті. Бұл – 14 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Фискалдық және квазифискалдық қаражаттың бөлінуі сұраныстың тұрақты болуын қамтамасыз етіп отыр. Бұл сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтықтың өсуіне әкеліп, бағаға қысым көрсетіп тұр.
Азық-түліктің де әлемде бағасы өсіп, инфляцияның импорттық бөлігін күшейтті.
Инфляцияның жеделдеуі, инфляциялық күтулердің жоғары болуы және айырбастау бағамының әлсіреуі жиынтық ақша-кредит шарттарының жұмсаруына алып келді. Қыркүйекте нақты, яғни инфляцияны есептен алып тастаған жағдайдағы базалық мөлшерлеме 3,5%-ке дейін төмендеп, саясаттың бұрынғы қатаң деңгейіне сай болмады.
Ақша-кредит шарттарының ұстамды қатаңдығын қайтару және инфляцияның шамадан тыс өсуін болдырмау үшін, базалық мөлшерлемені едәуір арттыру қажет болды. Тамыздағы шешімді жариялаған кезде инфляция қарқыны біршама баяуламаса, саясатты қатаңдату мәселесін қарастырамыз деген едік. Енді инфляцияны төмендету үшін осы қағиданы іске асырып жатырмыз.