Арал мемлекеттік балық өндірісіне — 100 жыл
Бүгін Қызылорда облысы, Арал ауданында Арал мемлекеттік балық өндірісінің 100 жылдығына арналған ауқымды шара өтті. Аталмыш шара Қазақстандағы балық өндірісінің бастауы болған, саланың өркендеуіне дем берген «Арал мемлекеттік балық тресінің құрылғанына 100 жыл» толуына орай ұйымдастырылып отыр.
Мерейтойға ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы С. Сермағамбетов, Халықаралық Аралды құтқару қорының Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Қ. Құлмағамбетов, Зайсан-Ертіс және Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекцияларының, облыстық басқарма, департамент басшылары, зиялы қауым өкілдері, балық шаруашылығының ардагерлері мен сала майталмандары Арал ауданына арнайы барып, мерекелік шараларға қатысты.
Мерейтой аясында қонақтар өңірдегі балық шаруашылығы нысандарымен танысып, саланың қазіргі даму деңгейін бағамдады.

Облыста 11 балық зауыты бар болса, соның ішінде 23900 тоннаны құрайтын 9 балық өңдеу зауыты Арал ауданында жұмыс істейді.
Қонақтар алдымен «Арал СДО» балық зауытының жұмысы танысты. Жылдық қуаттылығы 7000 тоннаны құрайтын Кәсіпорын балықты өндіру, сақтау және сатумен айналысады. Шығарылған өнімдер Ресей, Польша, Нидерланды, Германия, Грузия және Қытай елдеріне экспортталуда.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері аудандағы балық зауыттары 2500 тоннаға жуық балық және балық өнімдерін 12 елге экспорттады. Шығарылған балық түрлері тыран, торта, алабұға, шортан, көксерке болса, өнімдері көксерке сүбесі, тыран қанаттары және балық фаршы.

Фото: ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті