Қызылордада агроэкономика мен аграрлық ғылымды дамыту мәселелері талқыланды
Қызылорда облысында агроэкономика мен аграрлық ғылымды дамыту мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев төрағалық етті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген негізгі міндеттер аясында ауыл шаруашылығы саласын дамыту жолдары қарастырылды. Жиынға мәслихат депутаттары, басқарма және аумақтық департамент басшылары, салалық ғалымдар мен шаруашылық құрылымдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ, жиынға Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері онлайн байланыс арқылы қосылды.
Облыс әкімі агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту және ғылыммен ұштастырудың маңыздылығына тоқталып, нақты тапсырмалар берді:
«Президентіміз Жолдауында: «Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес» деген болатын. Әсіресе, аграрлық саланы цифрландыруға, ауыл шаруашылығы ғылымын жетілдіруге негізгі басымдық беруді ерекше атап өтіп, бес міндетті айқындады.
Бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласына жаңа тәсілдерді, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді, жасанды интеллектіні енгізу, екінші, өнімділік пен қайта өңдеуді арттыру, үшінші, технологиялық жаңғырту, төртінші, ғылым мен зерттеуді дамыту, бесінші, қаржылай қолдау көрсету.
Аграрлық салаға цифрлық технологияларды кеңінен қолдану, терең өңдеу бағытындағы жұмыс баса мән беруді қажет етеді. Ғылымды дамытып, цифрлық технологияларды қолданудың тиімділігін шаруашылық құрылымдарына түсіндіру керек.
Саланы жетілдіруге арналған ғылыми жобаларды қолдап, оларды іске асыруды сүйемелдеп, цифрландырудағы тың бастамаларды өндіріске енгізуді қарастырыңыздар. Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институты білім беру орталығының жұмысын жандандыру, ғылыммен айналысатын білікті мамандар даярлау өте маңызды. Оқу орындарын бітірген түлектерді жұмысқа тарту керек.
Президентіміздің сенімін ақтау – баршамыздың ортақ парызымыз. Сондықтан осы бағытта атқаратын жұмыстарымыз жүйелі, нәтижелі болсын.
Бүгінгі берілген барлық тапсырманың орындалуы тұрақты бақылауымызда болады. Жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен бірлесе атқаруға шақырамын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев күріш егіс көлемін кезең-кезеңімен оңтайландыру және суды аз қажет ететін дақылдарды енгізу туралы баяндама жасады.
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының директоры, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев аграрлық ғылымды дамыту арқылы агроөнеркәсіптік кешеннің қарқынды дамуы жайлы пікір білдірді.
«Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов цифрландыру арқылы өндірістік тиімділікті арттыру тәжірибесімен бөлісті. Ал Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова жоғары оқу орындарының білікті кадр дайындау мен инновациялық жобаларды өндіріске енгізудегі рөліне тоқталды.
Сала ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Бекмырза Еламанов су тапшылығы жағдайындағы тиімді тәжірибелер туралы ойымен бөлісті.
Жиын қорытындысында облыс әкімі аталған тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын атап өтті.