9 айда 47,6 трлн теңге кредит берілді
2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі кредит нарығы: жалпы қарыз көлемі 47,6 трлн теңгеге жетті,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
2025 жылдың қыркүйек айының басындағы мәліметтерге сәйкес, Қазақстан экономикасына берілген кредиттердің жалпы көлемі 47,6 триллион теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылғы 2024 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 23,7%-ға өскен.
Ұлттық банк дерегіне қарағанда, осы қарыздардың 46,3%-ы, яғни 22,1 трлн теңгесі бизнес субъектілеріне, яғни заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге берілген. Ал қалған 53,7%-ы немесе 25,5 трлн теңгесі тұрғындардың мойнындағы қарыз болып отыр.
Кредиттердің басым бөлігі – 89,5%-ы, яғни 42,6 трлн теңгесі ұлттық валютада берілген. Шетел валютасындағы қарыздар көлемі 5 триллион теңгені құрап, барлық несие көлемінің 10,5%-ын құрайды.
Несие нарығындағы жағдайды талдайтын болсақ, барлық кредиттердің 85,8%-ы екінші деңгейлі банктер арқылы берілген. Сонымен қатар, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшылары халыққа кредит алу қиындап бара жатқанын айтады. Бұл жағдайдың басты себебі – несие пайыздарының қымбаттауы мен банктердің клиенттерге қойылатын талаптарының күшеюінде.
Тағы бір маңызды мәселе – екінші деңгейлі банктердің қайтарылмаған кредиттерінің артуы. Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, 2025 жылдың қыркүйегінің басында төленбеген, мерзімі 90 күннен асқан несиелердің жалпы көлемі 1,4 триллион теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш банктердің несие портфеліндегі тәуекелдің өскенін байқатады.
Осылайша, Қазақстанда кредит нарығы өсіп жатқанымен, несие алу шарттарының қатаюы және қайтарылмаған кредиттердің артуы қаржы секторында жаңа сынақтар тудыруда.