Қызылордада «Тіл – тұғырым» интеллектуалдық сайысы өтті
Интеллектуалдық додаға қаладағы 7 мектеп-лицейден қазақ тілін жетік меңгерген дарынды оқушылар қатысып, өз білімдерін ортаға салды.
Шараның ашылуында облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Шахизат Абдраманова мен №23 мектеп-лицейінің директоры Жанат Камитбекова қатысушыларға сәттілік тілеп, мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін арттыру мен жастар бойында отансүйгіштік сезім қалыптастырудың маңызына тоқталды.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды:
• «Білімді мыңды жығар» кезеңінде оқушылар жылдам ой мен нақты жауап арқылы білімін көрсетті;
• «Сөз болаты – мақал» бөлімінде қатысушылар мнемосуреттер арқылы мақал-мәтелдердің толық нұсқасын тапты;
• «Ойлан, тап!» кезеңінде тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын ашу арқылы қазақ тілінің байлығын дәлелдеді;
• «Эрудит кезеңінде» оқушылар QR-код арқылы жасырылған тақырыптарды таңдап, өз ойларын еркін жеткізді.
Сайысқа төрелік еткен қазылар алқасы құрамында облыстық «Қоғамдық келісім» КММ аға сарапшысы Гүлзира Сәрсенбек, аға сарапшы Нұргүл Ақсақалова және Студенттік Ассамблея жетекшісі Исмаил Махадинов болды.
Шара соңында әділқазылар оқушылардың дайындығына жоғары баға беріп, үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларды марапаттады.
Фото: Ассамблея Қызылорда












