Қызылорда облысы Қазалы ауданында «Кәсіпкерлік – өңір дамуының тірегі» атты аудан кәсіпкерлерінің форумы өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың қатысуымен өткен форумға облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мөлдір Тәуіпбаева, аудан прокуроры Дарын Әбіш, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қызылорда облыстық филиалының директоры Пірмұхаммед Сыздық және түрлі қаржы институттарының басшылары мен тиісті сала мамандары, орта және кіші кәсіпкерлік саласында белгілі бір дәрежеге жеткен кәсіпкерлер қатысты.

Форум жұмысын аудан әкімі Алмасбек Есмаханов ашып беріп, өңірде кәсіпкерлік саласында қол жеткізген оң нәтижелі жұмыстар жайында айтып өтті.

«Бұл форум – тәжірибе алмасуға, жаңа идеялармен бөлісуге, мемлекет пен бизнестің арасындағы диалогты нығайтуға үлкен жол ашады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған Жолдауында -«Отандық кәсіпкерлікті дамыту – ұлы мұрат.  Егер отандық кәсіпкердің шаруасы дөңгеленіп, өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етсе, тауар бағасының арзандауына септігі тимек. Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жеке меншіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді» — деген болатын. Бүгінде киелі Сыр өңірінде, оның ішінде қазыналы Қазалы ауданында Президентіміз бен аймақ басшысының ерекше қолдауымен, кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында бүгінге дейін ауданда 5371 кәсіпкер тіркелген. 2025 жылдың 9 айында  ауданда тамақтану орындары, мейрамханалар, сауда орындары, көлік жуу орны сынды жаңадан 27 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, онда 69 адам жұмыспен қамтылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету бағытындағы кәсіп түрлерін ашу, негізінен өнім өңдеуге, өндіруге басымдық беру жұмыстары қолға алынып келеді. Әрине, бұл бағытта біздіңде ауданымызда үлкен жұмыстар атқарылуда. Бұған байланысты аудан кәсіпкерлеріне аудан әкімдігі, облыстық салалық басқармалар тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетін болады, — деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Форумда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мөлдір Тәуіпбаева, аудан прокуроры Дарын Әбіш, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қызылорда облыстық филиалының директоры Пірмұхаммед Сыздық, Қызылорда облысы бойынша «ҚАЗАХИНВЕСТ» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өңірлік директоры Мұрат Балабаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша аймақтық филиалының басшысы Айдос Жылқайдаров, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының директоры Талғат Матаев, «Байқоңыр» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Руслан Досмаханов хабарлама жасады.

Салтанатты жиын барысында аудандағы белгілі кәсіпкер Әби Бибісара кәсіпкерлерге өз лебіздерін білдіріп, кәсіпкерлерге сәттілік тіледі.

Форум барысында «ECO ENERGY LTD» жеке компаниясының басшылығы аудан әкімдігімен Қазалы ауданында «Автомобиль газ толтыру компрессорлық станцияларын салу» жобасын іске асыру бойынша және аймақтық брендке айналған «Қазалы сақар қара сабыны» тауарын ұзақ мерзімге пайдалану үшін ауданымыздың жеке кәсіпкері Руслан Булекбаев пен Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласындағы «Юнисабад Медикал Орталығы» жеке клиникасының өкілі арасында меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Сонымен қатар, аудан кәсіпкерлері ұсыныс-пікірлерін білдіріп және салаға байланысты өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.

Жиын соңында ауданның әлеуметтік-экономикасының дамуына үлес қосып жүрген белсенді кәсіпкер азаматтар облыс әкімі мен аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Фото: Қазалы ауданының әкімдігі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *