Мәжілісте адамдарды рұқсатсыз фотоға және видеоға түсіруді шектеу мәселесі талқылана бастады
Қазақстанда азаматтарды рұқсатсыз фотоға және видеоға түсіруді шектеу мәселесі талқылана бастады. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бұл бағытта арнайы жұмыс тобы құрылып жатыр.
«Біз адамдарды рұқсатсыз әр жерде суретке түсіре беруге шектеу қою мәселесін қарастырып жатырмыз. Әрине, қызметтік міндетін атқарып жүрген лауазымды тұлғалар, мемлекеттік қызметшілер бар, біз оған үйреніп кеттік. Бірақ пранк түсіретіндер, рұқсатсыз жүргізілетін жеке түсірілімдер бар. Осы норманы сіздермен бірге талқылаймыз», – деді Балаева Сенат кулуарында.
Журналистер бұл бастама шенеуніктерді қорғауға бағытталған жоқ па деген сұрақ қойды. Министр бұл пікірді жоққа шығарды.
«Біз ол жағдайға баяғыда үйреніп кеттік. Біздің жеке өміріміз де, туыстарымыз да жоқ, өйткені қайда барсақ та бізді бәрібір түсіреді. Бірақ біз де осы елдің азаматымыз. Сондықтан бұл шенеуніктерге қатысты мәселе емес, жалпы осы саланы реттеу туралы. Сондықтан бұл ұсынысты бірге талқылайық», – деді Аида Балаева.

/фото ашық дереккөзден алынды












