Елдегі ең жас шенеуніктер кімдер?
Ranking.kz Қазақстандағы ең жас және ең тәжірибелі мемлекеттік қызметкерлерге қатысты жаңа рейтинг жариялады. Тізімге министрлер мен олардың орынбасарлары, облыс және қала әкімдері, сондай-ақ республикалық деңгейдегі ірі мемлекеттік мекемелердің басшылары енгізілді.
Елдегі ең тәжірибелі шенеуніктер
Ең көп тәжірибеге ие мемлекеттік қызметкерлердің қатарында ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бар. Екеуі де – 64 жаста. Әсіресе Нысанбаевтың зейнеткерлік жастан асқаны медиа назарын аудартты. Министр болса, өзінің кәсіби тәжірибесіне сүйене отырып, қызметін жалғастыруға толық құқығы бар екенін айтқан.
Қараша айында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха да зейнеткерлік жасқа жетеді. Ranking.kz мәліметінше, Лепёха өткір сұрақ қойылған сәттердің өзінде салмақты позициясы мен нақты жауаптарымен ерекшеленеді. Ол Қостанайдағы сепаратистік пікірлерді ауыздықтап, «ақылды бағдаршамдар» арқылы кептелісті шешу идеясының тиімсіздігін ашық жеткізген.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев та тәжірибелі басшылар қатарында. 40 жылдық еңбек жолында редакторлықтан бастап, баспасөз хатшысы, елші, сенатор және әкім қызметтерін атқарған.
Ал зейнет жасына таяп қалғандар арасында Бас прокурор Берік Асылов, сондай-ақ облыс әкімдері Марат Ахметжанов, Нариман Төреғалиев және Құмар Ақсақалов бар. Соңғысы жұмысқа жаяу барып жүретінімен көпшілікке танылған. Бұл әрекеті тұрғындармен ашық байланыс орнатуға ұмтылысының белгісі ретінде бағаланып, «халық әкімінің» бейнесін қалыптастырған.
Табысы қандай?
Шенеуніктердің айлығы лауазымына және жұмыс өтіліне байланысты есептеледі. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, өткен жылы облыс әкімдерінің орташа жалақысы 1,7 млн теңгеге жуықтаған. Бұл суммаға бонус пен түрлі қосымша төлемдер кірмейді. Министрлер мен олардың орынбасарлары бұдан сәл аз – шамамен 1,5 млн теңге алады.
Ең жас шенеуніктер
Қазіргі таңда қала әкімдері мен министр орынбасарларының арасында 30 жастағы, қызмет өтілі 9–15 жылға жететін жастар бар. Ең жас мемлекеттік қызметкерлер қатарында Оқу-ағарту министрі Асылбек Ахметжанов, Түркістан әкімі Әзімбек Пазылбекұлы (33 жаста), сондай-ақ 34 жастағы вице-министрлер Қайырхан Тұтқышбаев, Дмитрий Мун және Бекболат Молдабеков аталды.
Тізімдегілердің басым бөлігі – Президенттің жастар кадрлық резервінің өкілдері. Кейбірі еңбек жолын қарапайым қызметтен бастаған. Мәселен, Өскемен әкімі Алмат Ақышов алғашында концерт залында билет тексеруші болған. Вице-министр Ермек Кенжеханұлы студент кезінде өз күшімен егін салып, өнім жинаумен айналысқан. Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы Марат Омаров мемлекеттік қызметпен қатар футбол федерациясын да басқарған.
Ең соңғы орында – Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев. Ол өзінің қызметінен бөлек, кейбір өткір пікірлерімен де есте қалған. Соның бірі – «Менің елдің премьер-министрімен ешқандай туыстығым жоқ. Өкінішке орай», – деген жауабы. Бұл сұрақ оның бұрынғы премьер-министр Әлихан Смайыловпен байланысы бар ма деген журналист сауалына қатысты айтылған.
Жас шенеуніктердің табысы да әркелкі: вице-министрлер 2024 жылы шамамен 1,5 млн теңге алса, облыс әкімдерінің жас орынбасарларының айлығы 836,9 мың теңге көлемінде болған.

/фото ашық дереккөзден алынды












