Қостанайда ажырасқандар көбейген
Қостанай облысы бойынша 2024 және 2025 жылдың алғашқы он айындағы деректер отбасын құру көрсеткіші төмендеп, ажырасу саны артқанын байқатады.
Статистикаға сүйенсек, 2024 жылдың 10 айында облыста 4 277 жұп некеге тұрып, 874 отбасы ажырасқан. Ал 2025 жылдың дәл осы кезеңінде некеге тұрғандар саны 4 134-ке төмендеген, яғни шамамен 143 жұпқа аз. Бұған қоса, ажырасқандар саны 961-ге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 87 жағдайға көбейген. Мамандардың сөзінше, мұндай өзгерістің себептері әртүрлі болуы мүмкін.
— Бұл көрсеткіштер қоғамдағы отбасылық тұрақтылық мәселесіне ерекше назар аудару қажет екенін көрсетеді. Жас отбасыларға құқықтық және психологиялық қолдауды күшейту маңызды, — дейді Қостанай облысы әділет департаменті тіркеу қызметі және тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы Гүлнәр Омарова.
Мамандардың айтуынша, некеге тұрушылар санының төмендеуі жалпы демографиялық үрдістерге де әсер етеді. Ал ажырасулардың көбеюі әлеуметтік институттардың, әсіресе отбасы институты жұмысының әлсіздігін аңғартады.
Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ,
Қостанай облысы
Суретті ұсынған Қостанай облыстық әділет департаменті












