Қызылорда қаласында «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының «Әйел – отбасының жүрегі, қоғамның тірегі» атты мазмұнды әрі тағылымды отырыс өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Шараның басты мақсаты – әйелдердің қоғамдағы рөлін айқындау, отбасы құндылықтарын нығайту, әйелдердің құқықтары мен психологиялық саулығын қорғау мәселелерін кеңінен талқылау.
Кездесуге партия мүшелері, сала мамандары, қоғам белсенділері, мұғалімдер мен психологтар қатысып, әйел мәселесіне қатысты өзекті тақырыптар төңірегінде пікір алмасты.
Жиынға арнайы шақырылған қонақтар қатарында «AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалының Атқарушы хатшысы, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Мұсаева Гүлшат Исақызы, «Ауыл аманаты» жобасы аясында кооперативтік бастамаларды жүзеге асыру бойынша өңірлік менеджер, бизнес-тренер, қаржы эксперті әрі психолог Ақжігітова Индира Сансызбайқызы, Отбасы орталығының отбасы бөлімінің маманы Сқақова Лиза Ноғайқызы, экономика ғылымдарының кандидаты, «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тажиева Зейнар Дастанқызы, сондай-ақ психология және педагогика ғылымдарының магистрі Дарибаева Сәндігүл Құлаханқызы болды.
«Әйелдер қанатының» Қоғамның әл-ауқатын қолдау мақсатында психологиялық қызмет институтын дамытуға жәрдемдесу бағытының жетекшісі Жанат Қараманова өз сөзінде қазіргі қоғамда әйелдердің барлық салада белсенді әрі табысты еңбек етіп жүргенін атап өтіп, әйел құқығы мен мүддесін қорғау – отбасы тұрақтылығы мен мемлекеттің дамуының негізгі кепілі екенін айтты. Осы бағытта құрылған Әйелдер қанатының қызметі әйелдердің әлеуетін арттыруға, олардың қоғамдағы белсенділігін күшейтуге бағытталғаны сөз болды.
Алғашқы сөз сөйлеген Гүлшат Исақызы Әйелдер қанатының бүгінгі күнге дейін атқарып жатқан жұмыстары, негізгі бағыттары мен алдағы жоспарлары жөнінде кеңінен баяндап, партия аясында әйелдерді қолдауға бағытталған бастамалардың маңыздылығына тоқталды.
Келесі кезекте сөз алған Индира Сансызбайқызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан саяси реформалар аясында гендерлік теңдік пен отбасы институтын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ әйелдерге психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызына назар аударып, «AMANAT» партиясы Әйелдер қанаты бұл бағытты басымдық ретінде қарастыратынын атап өтті.
Жиын барысында Зейнар Дастанқызы қазақ қоғамындағы әйел-ананың тарихи әрі қазіргі рөліне терең тоқталып, әйел бейнесі – ұлттың, елдің айнасы екенін атап өтті. Ол қазақ әйелдерінің отбасы ғана емес, қоғам мен экономиканың дамуына қосып отырған үлесі зор екенін мысалдармен жеткізді.
Ал Лиза Ноғайқызы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдерге психологиялық көмек көрсету бағытында Отбасы орталығы тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Ол қиын жағдайға тап болған әйелдерге жан-жақты қолдау көрсету олардың өмірге қайта бейімделуіне үлкен мүмкіндік беретінін айтты.
Кездесу соңында Жанат Қараманова әйелдердің психологиялық саулығы мен қоғамдағы әл-ауқатын арттыру – ортақ міндет екенін атап өтті. Әйелдер қанаты партия жұмысына мазмұн, тереңдік пен жан-жақтылық беретін маңызды құрылым екені айтылып, әрбір әйелдің үні естілетін, идеясы жүзеге асатын баянды болашаққа деген сенім білдірілді.
Жиын соңында қатысушылар «Әйел бейнесі – қоғам бейнесі» атты кітап көрмесімен танысып, мазмұнды кездесуден рухани әсер алып тарқасты.
Сурет: Партияның Қызылорда қалалық филиалы

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *