Серік Сәпиев өз орынбасарымен төбелесіп қалды
Әлеуметтік желіде Олимпиада чемпионы, боксшы Серік Сәпиев өзінің орынбасары Дәурен Есімхановпен төбелескені туралы ақпарат тарады.
Тараған мәліметтерге сәйкес, жанжал 21 қаңтар күні Қарағанды қаласындағы облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында болған.
Алдымен екі тарап сөзге келіп қалып, кейін ол төбелеске ұласқан. Соның салдарынан Серік Сәпиев дене жарақатын алған. Аталған факт бойынша ұрып-соғу дерегі тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды.
42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Анықталғандай, 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінің ғимаратында екі ер адам арасында жанжал болған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр, – деп мәлімдеді өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Фото: ашық дереккөз












