Қызылорда: Аралда жаңа зауыт құрылысы басталады
Арал ауданы үшін өткен жыл жетістікке толы болды. Ауқымды істер атқарылып, жоғары нәтижеге қол жетті. Бұл туралы аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
–Былтыр негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 53,1 млрд теңге болып, 37,3 пайыз артық орындалды. Салық пен басқа да түсім 106,3 пайыз, оның ішінде аудандық бюджетке түсім 4,9 млрд теңге, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 108,6, пайыз болып, 7 инвестициялық жоба іске қосылады деп жоспарланды. Оның 4-еуі іске асырылып, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Олар – «Ase Invest» ЖШС-нің тұрмысқа қажетті құрғақ ұнтақтар өндіру, Сексеуіл жолындағы «Sinooil» ЖШС-нің жанар-жағармай құю бекеті, «Қарашалаң балық» зауыты және «Petro Retail RFS» ЖШС-нің жол бойы қызмет көрсету орталығы. Биыл 3 жоба іске қосылады, – деді аудан әкімі.
Төрт түлік саны артып, 50 мыңнан астам ірі қара, 77 мыңдай уақ мал, 65 мыңға жуық жылқы, 36 мыңнан астам түйе тіркелді. Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 17 көлден балықтың 16 түрі ауланады, 10 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Былтыр 6726 тонна балық өңделіп, оның 3475 тоннасы алыс-жақын шет елдерге экспортталды. Бұдан бөлек, балықты сұрыптап қатыратын және сақтайтын 15-ке жуық цех жұмыс істеп тұр. Шет мемлекеттерге экспортталатын балық өнімі де артқан. Қолдан балық өсіру жұмыстары да қарқынды дамып келеді. Тауарлы балық өсіру, тоған және тұйық жүйелі сумен қамтамасыз ету құрылғылары арқылы 16 шаруашылық балық өсірумен айналысады.
Арал теңізі мәселесіне шетелдіктер мен халықаралық қорлардың назарын аудару, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған маңызды жобалар ел Үкіметінің және аймақ басшысының тікелей назарында.
– Сыр өңірінде туристік аймақ ретінде танылып келе жатқан аудандардың бірі – Арал. Орта Азияда алғаш «Geopark Aral» туристік орталығы ашылды. Аталған нысан – тек инфрақұрылымдық жоба емес, Арал өңірінің табиғи, тарихи, геологиялық, мәдени және экологиялық бай мұрасын сақтау мен танытатын, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай туристік орталық болмақ, – деді аудан әкімі.
«GEOPARK ARAL» – ЮНЕСКО жаһандық геопарктерінің қатарына енуге ниетті Қазақстандағы бірден-бір бастама. Жалпы ішкі және сыртқы туризм бағытында келуші қонақтарға 40-қа жуық қоғамдық тамақтану нысаны қызмет көрсетеді. Ішкі және сыртқы туризм бойынша 10 нысан бегіленген. Жыл басынан бері ішкі туристер саны 14 мыңнан асса, өзге елден келген туристер 900 жеткен.
Ауданда құрылыс саласы да қарқынды. Былтыр 39,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сапалы ауызсу тұтынуда тындырымды іс бар. Мәселен, 4 жоба негізінде 318 шақырым ауызсу желілері тартылды. Қазіргі таңда Ақбасты,Тоқабай, Ерімбетжаға және Тастүбек елді мекендері орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылды. Енді Абай елді мекеніне ауызсу жеткізіледі. Қазір «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының»
200 шақырымнан астам бірінші желісінің тозу деңгейі 80 пайызды құрап отыр. Өткен жылы осы құбырдың екінші желісін тарту жұмыстары басталды.
Аймақ басшысының қолдауымен «Руханият орталығы» салынды. Сондай-ақ ескірген, күрделі жөндеуге жарамай қалған ескі вокзалдардың орнына жаңа ғимараттар бой көтеруде.
Бүгінде аудан халқының 72 пайызы газбен қамтылған. Жыл басында Арал қаласындағы №4 шағын ауданы, Сексеуіл кенті мен Шижаға елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынға қосылды. Жақында автоматты газ тарату станциясы ашылып, Қамыстыбас елді мекенінің бір бөлігіне газ берілді. Бұл жоба арқылы 18 елді мекенді кезең-кезеңімен көгілдір отынға қосуға мүмкіндік туады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылғы Жолдауында Аралға қатысты екі жағымды жаңалық жеткізді. Соның бірі – Кіші Арал теңізін сақтап қалу мәселесі болса, екіншісі «Сексеуіл-Бейнеу» бағытындағы автомобиль жолының құрылысын бастау. Қазіргі таңда құны 800 млрд теңге болатын ауқымды жобаның техника-экономикалық негіздемесі әзірленді. Сексеуіл кенті мен Қосаман, Ақеспе, Ақбасты және Құланды елді мекендеріне жол қатынасы жеңілдеп, тұрғындар жаңа жұмыс орындарымен қамтылуына және кәсіпкерліктің дамуына тың серпін береді.
Биыл Қызылорда мен Ақтөбе арасында төрт жолақты жаңа күрежолдың және «Бейнеу-Сексеуіл» автожолының құрылысы бастау алады. Былтыр көлік инфрақұрылымын дамыту үшін тиісті қаражат бөлінді. Нәтижесінде теміржол үстінен салынған көпір халық игілігіне берілді.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде 300 орындық мектеп салынды. Ақшатау ауылында да 60 орындық мектеп ғимараты және демеушілік есебінен Тоқабайдағы №248 орта мектебі, Мергенсай ауылында да 150 орындық білім ордасы пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Арал қаласындағы №14 мектеп-лицейінің көне ғимараты күрделі және №263, №62, №177 орта мектептер жөндеуден өтті.
Денсаулық сақтау саласындада айтарлықтай жетістіктер бар. Сексеуіл кентіндегі 25 төсектік аурухана ел игілігіне табысталды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Тоқабай ауылынан соңғы үлгідегі дәрігерлік амбулатория салынды. Арал қаласында «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы ашылды. Орталық аурухана жанынан 17 төсектік нейро-инсульт, 35 төсектік кардиология бөлімшелеріне арналған жапсаржай құрылысы және жұқпалы аурулар бөлімшесінің де жаңа ғимаратының құрылысы аяқталды.
Арал қаласының «Шанхай», «Жаңа ауыл» шағын аудандарынан тәулігіне 250 келушіге арналған емхана құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Енді жобаны қаржыландыру бойынша тиісті жұмыс атқарылуда. Ілкімді істердің арқасында аудандық көпбейінді орталық ауруханасы аккредитация кезеңінде жоғарғы санатты дәреже иеленді.
Мәдениет пен спорт саласында да серпін бар. Жақсықылышта дене-шынықтыру-сауықтыру кешені берілсе, Шижаға ауылында салынып жатыр. Аманөткел ауылында 150 орындық мәдениет үйінің құрылысы бітуге таяу. Сексеуіл кентінен «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының демеушілігімен 150 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебін салу жоспары бар. Бұл да оң шешімін тапқан мәселе.
Биыл 8 жоба іске асады. Олар «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауытын салу», «Эко Энерджи Плюс» ЖШС-нің «Арал ауданында автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясы бар көпфункционалды жол бойындағы кешен салу», «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің «Жоғары сұрыпты ас тұзының өндірісі» және «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің «Арал қаласында мотоцикл құрастыру зауыты» жобасы.
Ең басты әрі жағымды жаңалықтың бірі – кальцийлендірілген сода зауытының құрылысы осы жылы басталмақ.
Сара АДАЙБАЕВА
Фото: ӨКҚ












