Осы жылдың 12 наурызынан бастап Әкімшілік кодекстегі жаңа өзгерістер күшіне еніп жатыр. Енді полиция тоқтатып, хаттама толтырып жатпайды, «ақылды камералар» бәрін автоматты түрде өзі ресімдей береді.

Сонда не өзгерді?

Бұрын камералар тек жылдамдық пен бағдаршамды немесе жол сызықтарын қадағаласа, енді цифрлық жүйе кез келген ұсақ істен (тәртіп бұзушылықтан) айыппұл іле береді.

Айыппұлды не үшін арқалауымыз мүмкін?

Жүргізушілер:

• рөлде отырып телефонмен сөйлессе;

• қауіпсіздік белдігін тақпаса;

• жарығын (фар) дұрыс пайдаланбаса немесе жолда кептеліс тудырса;

• техбайқау құжатының мерзімі өтсе немесе сақтандыру полисі болмаса (жүйе оларды база арқылы бірден анықтайды) — айыппұл арқалайды.

Жаяу жүргіншілер мен қала тұрғындары:

• жолды белгіленбеген жерден кесіп өтсе;

• көшеге қоқыс немесе темекі тұқылын тастаса;

• тыйым салынған жерде темекі тартса;

• рұқсат етілмеген уақытта алкоголь сатса — айыппұл арқалайды.

Жүйе қалай жұмыс істейді?

Егер «ақылды жүйе» бет-әлпетімізді немесе көлік нөмірін танып, базамен растаса, ешқандай хаттама толтырылмайды. Айыппұл бірден базаға түсіп, телефонымызға хабарлама келеді.

Сосын, ескеретін нәрсе: бұл — «жаңа заң айыппұлдың жаңа түрін шығарып отыр» деген сөз емес, тек оларды анықтау тәсілін «цифрландырып» отыр. Яғни, осыған дейін полицияның көзіне түспей келген тәртіп бұзушылар енді камерадан қашып құтыла алмайды деген сөз.

Енді «кім көріп тұр дейсің» деп түкіре алмайсың, қоқысыңды тастай алмайсың. Бұл бір жағынан қоғамды көше мәдениетіне үйретуге де жақсы. Сіз де, біз де осы қоғамның мүшесіміз, «қақыра салуға», терезені ашып жіберіп, темекісін лақтыра салуға қымсынбайтындарды көзбен көріп жүрміз. Бұл жерде ереже қарапайым: айыппұл төлегің келмесе дұрыс жүр, жүре алмасаң, SMS күт… Әйтпесе, түздегі әр қылығың қымбатқа түсуі мүмкін. Сол кезде білмей қалдым демесеңіз болды. Біздікі — жай ғана ескерту.

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграмм арнасынан
https://t.me/qarzhylyq_sauat

Фото: ашық дереккөз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *