Айтыстың ақтаңгері «Құрмет» орденімен марапатталды
Бұл – «Сыр елі – жыр елі» атанған өңірдің мәдениеті мен өнеріне көрсетілген жоғары құрмет пен зор баға. Айтыс өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Мұхтар Мәуленұлы халық арасында қайраткер тұлға, парасатты азамат ретінде кеңінен танылған.
– Айтыс аламанында суырыпсалмалық шеберлігімен, ұтқыр ойы мен тапқыр жауаптарымен дараланған ақын талай республикалық өнер додаларында топ жарып, Сыр өңірінің абыройын асқақтатып келеді.
Сонымен қатар, оның жетекшілігімен Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры шығармашылық тұрғыдан жаңа белеске көтеріліп, көрермен көңілінен шығатын өнер ордасына айналды. Театр халықаралық және республикалық фестивальдерде жоғары марапаттарға ие болды.
Өнер додасында оза шауып жүрген Мұхтар Мәуленұлына алдағы уақытта да ұлттық руханиятымызды дамыту жолындағы еңбегіне табыс тілейміз. Аймағымыздың өнерін өрге сүйреп жүрген саңлақтарымыз аман болсын, – деді аймақ басшысы.
Фото: Ақорда












