Қызылордада мемлекеттік қызметтің тиімділігі артып келеді
Қызылорда облысында мемлекеттік қызметшілердің штат саны — 3 332 бірлікті құраса, нақты жұмыс істейтіндер саны — 3 245. Оның 45,5 пайызы – әйелдер. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев баяндады, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
«Мемлекеттік қызметшілердің 95 пайыздан астамы жоғары білімді. Бұл мемлекеттік аппараттың кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Өңірде кадр тұрақтылығы сақталған. Қызметтен кету көрсеткіші 3,6 пайызды құрап, жоспарланған 6 пайыздан төмен деңгейде қалып отыр. Бұл жүйелі кадр саясатының нәтижесі. Осы көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы өңірлер арасында бірінші орында. Бос жұмыс орындарының саны да айтарлықтай азайған. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдардағы бос орындар үлесі 1,8 пайызды ғана құрайды. Кадрмен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Нәтижесінде мемлекеттік қызметтің тиімділігі артып отыр», – деді департамент басшысы Ерлеген Жәрдемұлы.
Меритократия қағидаты аясында өткен конкурстар арқылы 423 үміткер мемлекеттік қызметке қабылданған. Ішкі конкурстар нәтижесінде жұмысқа тұрғандардың 68 пайызы жоғары лауазымдарға тағайындалған. Сонымен қатар, Президенттік жастар кадр резервіне өңірден 3 жас маман өтті.
«Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру бағытында бақылау жұмыстары да күшейтілді. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде 365 қызметшінің құқығы қорғалып, 653 сағат демалыс берілді. Біздің басты мақсат мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету. Былтыр облыс бойынша 6,2 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 98 пайыздан астамы электронды форматта жүзеге асты. Электронды қызметтердің үлесінің артуы халыққа қолайлы әрі ашық жүйенің қалыптасқанын білдіреді», – деп атап өтті департамент басшысы.
Спикер өңірде мемлекеттік қызметтің тиімділігі артып, ашықтық пен кәсібилік деңгейі нығайып келе жатқанын жеткізді.
Фото: ӨКҚ












