2026 жылдың 27 наурызында Қызылорда қаласында «AMANAT» партиясы филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Комиссия төрағасы Мейрамбек Есжановтың жетекшілігімен өткен жиында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту және бұқаралық спорттың қолжетімділігі мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиынға партияның қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева мен комиссия мүшелері қатысып, күн тәртібіндегі екі маңызды бағыт бойынша есеп тыңдалды.
Алғашқы мәселе бойынша Қызылорда қаласының «Мансап» орталығы филиалының директоры Жақсылық Төлегенов баяндама жасады. Ол мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша арнайы квоталардың орындалу барысына тоқталды.
Заңнамаға сәйкес, жұмыскерлер саны 50 адамнан асатын мекемелер үшін 2%-дан 4%-ға дейінгі мөлшерде квота белгіленген. Бұл талап меншік нысанына қарамастан барлық кәсіпорындарға ортақ. 2025 жылдың нәтижесі бойынша 28 адам квота арқылы тұрақты жұмысқа тұрса, жалпы 70 азамат жұмыспен қамтылды. Тағы 683 адам уақытша жұмыс орындарына жіберіліп, 56 азамат қайтарымсыз грант иеленіп, өз кәсібін ашты.
Биыл жыл басынан бері квота шеңберінде 14 адам жұмысқа орналасты. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 32 адамға жеткізу жоспарланған.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Еркен Жантуғанов сөз алды. Ол қала тұрғындарының спортпен шұғылдану көрсеткішінің динамикалық өсімін таныстырды.
Мәліметтерге сүйенсек, спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындар үлесі соңғы жылдары айтарлықтай өскен. Бұл көрсеткіш 2025 жылы – 44,7% яғни 163 654 адамды құраса биылғы жылға қойылған жоспар – 45,1%.
Спортты бұқаралық деңгейге көтеру үшін қалада «Евразия», «Сейхун» және «Мұз айдыны» спорт кешендерінде әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен мүгедектігі бар жандарға тегін секциялар ұйымдастырылуда. 2026 жылдың бірінші тоқсанында 80 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 12 мыңнан астам адам тартылған. Алдағы уақытта «Qyzylorda-OPEN» республикалық шахмат турнирі мен веложарыстар өткізу жоспарда бар.
Жиынды қорытындылай келе, комиссия төрағасы Мейрамбек Есжанов көтерілген мәселелердің әлеуметтік маңыздылығына тоқталып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жұмыстарды жүйелі жүргізу керектігін жеткізді.
Фото: Партияның қалалық филиалы

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *