Қызылорда: Сырдария ауданындағы киелі орындарға тазалық жұмысы жүрді
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Қызылорда облысының Сырдария ауданында тарихи-мәдени ескерткіштер мен қорымдарға тазартылды. Игі шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаевпен бірге ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары қатысып, Қалжан Ахун мешіт-медресесі мен «Ешмұрат» қорымы аумағын абаттандырып, санитарлық жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Таза Қазақстан дегеніміз – қоршаған ортаны таза ұстау ғана емес. Әрине, ол да маңызды. Сонымен бірге, бұл – ой-сана тазалығы деген сөз. Жан-дүниесі таза адам қайырымды, мейірімді болады» деп атап көрсетті. Тарихи орындарды күтіп ұстау – тек тазалық мәселесі ғана емес. Бұл – ата-бабаларымызға деген құрметтің айқын көрінісі, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің маңызды бағыты. Осындай қасиетті орындарды таза әрі ұқыпты сақтау арқылы біз жас ұрпаққа өнеге көрсетеміз. Бүгінгі шара – елге, жерге деген жанашырлықтың нақты көрінісі. Алдағы уақытта да мұндай игі бастамалар жалғасын табатын болады, – деді аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы.
Тазалық іс-шарасы барысында тарихи ескерткіштер мен қорымдар тазартылып, аумақтары ретке келтірілді, қоршаулар мен нысандар әктеліп, сырлау жұмыстары жүргізілді.

Киелі орындарды зират етудің бұрыннан қалыптасқан ережелері бар. Оның ең негізгісі тазалықпен байланысты. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген даналық өткенге құрмет көрсетудің маңызын ұғындырады. Мұндай игі шаралар өскелең ұрпақтың туған жер тарихына деген құрметін арттырып, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге бағытталған. Тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау және оларды күтіп ұстау – барша қоғамның ортақ міндеті екені айқын.
Іс-шарада 50-ге жуық тарихи ескерткіштер мен қорымдар аумағы тазартылып, оған 3 мыңнан аса сырдариялық белсенді қатысты.
Фото: Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі












